Әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек пе?
Кеңес үкіметін қанша жамандасақ та, ол тұста әскери қызметкерлерге көптеген жеңілдіктер қарастырылған еді. Ол кезде әскери мамандар үйсіз-күйсіз қалып кетемін деп қорықпайтын. Қай әскери бөлімге барса да, тегін қызметтік үй берілетін. Егер зейнетке шықса, ол үй өзінің меншігі болып қалатын. Тіпті болмағанда әскери бөлімнің маңындағы қаладан мемлекет үй алып беретін. Егер әскери қызметкер ауырып қалса, емделуі тегін, жылына бір рет санаторийлерге жіберіліп тұратын. Оларға қоғамдық көлік те тегін, тұрғын үйдің коммуналдық төлемақысына 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ол уақытта әскерилердің бала-шағасына дейін жағдай жасайтын. Әскери қызметкерлердің балалары ЖОО-ға түсетін кезде жеңілдіктер болушы еді. Қазір мұның бірде-бірі жоқ. Жалпы, әскери қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді қайтару қажет пе? Осы тақырыпқа аз-кем тоқталғанды жөн санадық.
Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін шекарамызды мызғымай күзететін, ішкі тыныштықты сақтайтын әскер керек екенін, егемендігімізді өзгеге сенбей, өзіміз қорғап тұра алсақ қана іргелі ел деңгейіне көтеріле алатынымызды түсіндіріп жатудың өзі артық. Десек те, Тәуелсіздігімізді алғаш алған тұста елдің іргесінің бүтіндігі мен халқымыздың тыныштығын қорғап, күндіз-түні сапта тұруға дайын әскери қызметшілерімізге тиесілі дәрежеде әлеуметтік жеңілдіктер қарастыра алмадық. Енді Тәуелсіздік алғанымызға 21 жыл болды. Қазір еліміз еңсесін көтерді, экономикамыз қарыштап дамып келеді. Бұл ретте неге әскери қызметшілерге бұрынғы жеңілдіктерін қайта қарастырмасқа? Осындай жағдайда ғана біз олардың Отан қорғау жолындағы еңбегін бағалайтынымызды көрсетіп, жастарымыздың әскери қызметке деген ынтасын арттыра алатын боламыз.
Сұлтан БОРАНБАЙҰЛЫ, Ауған соғысының ардагері:
– Жасыратыны жоқ, қазір сарбаздар арасында әскерден қашу, онда өз-өзіне қол жұмсау фактілері жиілеп кетті. Әскери бөлімдерде былық көп. Осының бәрі неден орын алып отыр деп ойлайсыз? Неге офицерлер онда өз қызметтерін дұрыс атқармайды? Мұның бірден-бір себебі, әскери қызметкерлердің жалақысы аз, бұрынғыдай әскери мамандарға берілетін жеңілдіктердің барлығы жойылып кеткендіктен осындай мәселелер туындауда. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде әскери қызметкерлерге көп жеңілдіктер қарастырылған еді. Әскери қызметкер бір айлық еңбек демалысына шықса, отбасына деп 50 пайыз үстеме ақы қосып беретін. Ол кезде әскерилерге берілетін әлеуметтік көмектер өте көп еді. Қазір оның бірде-бірі жоқ. Бүгінде әскерден зейнетке шықсаңыз, үйсіз-күйсіз далада қаласыз. Қалай дегенмен де әскерилерге арналған жеңілдіктерді қайтару керек. Өйткені қазір әскери саладан көпшілігі кетіп қалып жатыр. Біліктілігі мықты, әскери тактиканы жетік меңгерген қызметкерлер айлығы аз әскери бөлімдерде жұмыс істегісі келмейді. Егер бұлай кете берсе, ертеңге күні әскерге жастарды қайтып тартпақпыз? Отанды, елді кім қорғайды? Мұның соңын ойлаудың өзі қорқынышты. Әскери әлеуетімізді тіптен төмендетіп аламыз. Бұл дұрыс емес. Мұндай жағдайда әскери салаға төзімді, мығым, білімді азаматтар келгісі келмейді, тек өмірден өз орнын таппаған, таланты аз жігіттер ғана жиналады. Егер біз әскерде қызмет істейтіндерді іріктеп аламыз десек, онда әскери қызметкерлерге артықшылықтар, жеңілдіктер қарастыруымыз қажет.
Шыны керек, бұрын ел арасында әскери патриотизм күшті болды. Бала кезде көшеден офицер көрсек, қатты қызығатынбыз. Тіпті сарбаз әскери борышын өтеп үйіне келсе, бүкіл ауылдың жастары соның қасынан шықпайтынбыз. Формасына қызығып, әңгімесін ұйып тыңдайтын едік. Міне, әскери адамға деген құрметті сол кезде ауылдың баласына дейін жақсы түсінді. Ал қазір жас сарбаздың әскерге қашан барып кеп қойғанын түсінбейсің. Оның үстіне, оларға арналған жеңілдіктер жоқ десек те болады. Жасыратыны жоқ, қазір жас буынның әскерге деген қызығушылығы тіптен сөніп қалды. Кеше ғана әскерден қашқан жас сарбаздар «Мен онда қызмет еткім келмейді» деп ашық сұхбат беріп отыр. Осыдан-ақ біздің әскердегі ахуалдың қандай екендігін аңғаруға болады. Егер бұрынғыдай әскери қызметкерлерге өзіндік жеңілдіктер қарастырылатын болса, бұл Отан қорғау алдындағы әскерилерді ынталандыру емес, елдің, әсіресе жас буынның әскерге деген қызығушылығын оятуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан әскери қызметтің құндылығын көтеру үшін оларға түрлі жеңілдіктер қарастыруымыз қажет.
Әскери мамандарға қандай жеңілдіктер берілуі керек?
Бірінші, ең бастысы, мемлекет әскери қызметкерлерге тұрғын үйді жалдағаны үшін жұмсалатын шығындарын ескере отырып, ай сайын жәрдемақы төлеуі керек. Екінші, 20 және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшілерге олардың таңдаған елді мекендерінен тұрғын үй бөлу немесе оның нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төлеуі қажет. Үшінші, олардың қоғамдық көліктің барлық түрлерінде тегін жүруін қамтамасыз етуіміз тиіс. Төртінші, барлық соғысқа қатысушылар мен басқа да ұрыс қимылдарына қатысушыларға, әскери міндетін орындау кезінде мүгедек болып қалып, қызметтен босатылған қызметшілерге, запастағы немесе доғарыстағы полковник және одан жоғары атақтағы офицерлерге санаторийлік-курорттық емделуі үшін бір айлық зейнетақы мөлшерінде жылына бір рет ақшалай жәрдемақы төлегеніміз жөн.