Ұлттық рух кемерінен асқан күн
Кеше ғана өткен 7 мамыр қазақ тарихына алтын әріптермен жазылатын тарихи күн болмақ. Өйткені биыл біз бұл күнді мемлекеттік мереке етіп бекіттік. Тек бұл ғана емес, дәл осы күні Жамбыл облысы аумағында орналасқан 40-ыншы «Отар» әскери базасында бұрын-соңды ТМД елдерінде болмаған, 7000 әскери қызметші, 400-ден астам әскери техника, 80 ұшақ һәм тікұшақ қатысқан кең ауқымды әскери шеру болып өтті. Аталмыш жауынгерлік шеруге арнайы ат басын бұрып, біз де тарихи сәттің куәгері болып қайтқан едік.
Шеруге дейін...
3 мамыр күні бұл шерудің өту барысы туралы Қорғаныс министрлігі арнайы брифинг өткізген болатын. Сол күні әскерилердің әуедегі, жердегі, теңіздегі өнерін тамашалап, жауынгерлік шерудің бұған дейін өткен дәстүрлі әскери шерулерден қандай айырмашылығы бар екенін түйсініп қайтқан едік. Бұл шеруде қазақстандық жауынгерлер өздерінің кәсіби шеберлігін теория жүзінде емес, шынайы әскердегі заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану арқылы көрсетіп берген-ді.
Басталды...
Енді, міне, сол әскери шеруіміз ресми түрде Елбасын қарсы алумен басталды. Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Қазақстан Президентіне әскердің шеруге сақадай-сай тұрғанын баяндады. Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сөз сөйлеп, жалпықазақстандық Отан қорғаушыларды мейрамдарымен құттықтады.
Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:
– Бүгін – шебі бүтін, шекарасы берік қасиетті қазақ жерін қорғайтын Қарулы Күштеріміздің құрылған күні. Биылдан бастап біз 7 мамырды мемлекеттік мереке ретінде атап өтетін боламыз. Мен барша қазақстандықтарды, сарбаздарымызды Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – батыр бабалардың даңқты жолы мен Отанға адал қызмет ету дәстүрін тоғыстыратын мейрам. Аталарымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен осы ұлан-ғайыр жерді қорғап, бізге мұраға қалдырды. Соның арқасында бүгінде Тәуелсіз мемлекет құрып, оны өркендетіп келеміз. Қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы «Өз елін мақтаныш етпеу сатқындықпен тең» деген. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан – қастерлі Отанымызға қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осынау перзенттік парызымызды біз, әсіресе әскери адамдар, адал атқаруға тиістіміз! Сонда ғана біз арманымызға жетіп, Мәңгілік ел бола аламыз.
Сымдай тізілген сарбаздар шеруі
Елбасының құттықтау сөзінен кейін еліміздің қорғаныс саласына қарайтын әскерилерден құралған оннан аса рота сап түзеп, шеру алаңынан өтті. Бұл шеруді Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы бастады. «Жас ұлан» ротасынан кейінгі сапта Қорғаныс министрлігі орталық аппаратының офицерлер колоннасы өтті. Мұнан кейін шеруді еліміздің 24 әскери гарнизонда орналасқан (құрамында мотоатқыштар, танк, десантты-шабуылдаушы құрамалар мен бөлімдер, теңіз жаяу әскерлері мен артиллерия бар). Құрлық әскерлері Бас штабының офицерлер құрамы, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері, Қарулы Күштердің 20 жылдығы құрметіне орай өткізілген жауынгерлік сайыстардың қорытындылары бойынша жеңімпаз атанған «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының шерулік есептобы, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің колоннасы, Гвардиялық теңіз жаяу әскерлері бригадасының ротасы, «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлері, Аэроұтқыр әскерлерінің жауынгерлік бөлімшелері, т.б сарбаздар лек-легімен шерулетіп, шараның көрігін қыздыра түсті... Мұнан кейін шараны Аэроұтқыр әскерлерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері жалғастырып, Аэроұтқыр әскерлерін Құрлық әскерлерінің басқа бір бөлігі – Зымыран әскерлері мен артиллериясы ауыстырды. Бұдан соң, шеруді Әуе қорғанысы күштерінің колоннасы, Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы, Жауынгерлік және арнайы амунициямен арнаулы операциялық күштер бөлімшелері Құрлық әскерлері әскери институты курсанттарының ротасы, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары, Қарулы Күштер мүдделері үшін арнаулы тапсырмаларды орындауға арналған әскери полицияның жауынгерлік бөлімшелері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің парадтық есептобы, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері әскери қызметшілері, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшесі жалғастырып, қараса көз тоятын сұлу көрініс Қазақстан жұртшылығына ұсынылды. Шеруді мемлекеттік нысандарды күзету, қорғаудағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, рәсімдік ғұрыптарды орындау, Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңба эталондарын күзету секілді өте маңызды әскери тапсырмаларды орындайтын республикалық «Ұлан» бөлімшелері аяқтады. Отар көгінде Әуе қорғанысы күштері әскери авиациясының тікұшақтары мемлекеттік маңызы бар үш туды алып ұшып өтті. Осылайша жауынгерлік парадтың 1-бөлімін Әскери құрама оркестрдің салтанатты музыкасы түйіндеп, жауынгерлерге отаншылдық рух сыйлағандай болды.
Бейбіт мақсаттағы – біз көрген «соғыс»
Кез келген басқыншы үшін қаһарлы қару болып есептелетін «Точка-У» зымыран кешендері ұрыс қимылдарын бастады. Зымыран әскерлері мен артиллерияның жарағында тұрған жоғары дәлдіктегі бұл қарудың шалт қимылы «Отар» әскери базасына жиналған жұртшылықтың жүрегін дір еткізгендей болды. Осы бір жойқын қару жау бекінісінің қабырғасын сөккен соң, әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының сардары, «Айбын» орденінің толық иегері, полковник Жасұлан Берниязов басқаратын С-125 «Печера» зениттік-зымырандық кешенінен зымырандар сағатша сатырлап, үдемелете соққы берді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының артиллериясы да кең спектрлі дүркінді атыс зымырандық жүйесімен дұшпандарын нысанаға алып, өз өнерлерін ортаға салды. Осылай бірінші жауынгерлік қимылдар ойдағыдай аяқталып, МСТА-Б және Д-30 дивизиондарының екінші атыс шабуылы бастады. Олар жауынгерлік міндетті «Краснополь» снарядтарымен басқарылатын жоғары дәлдіктегі оқтармен жүзеге асырды. Осы сәтте армия авиациясының көп мақсатты Ми-24 көліктік-әскери тікұшақтары ұшып өтіп, құрлықтағы әскерлерге қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді. Соғыс жағдайындағы қимылдарды Ми-24 тікұшақтарының екінші звеносы жалғастырып, басқарылмайтын авиациялық зымырандармен шабуылға шықты. Бұл кезде жаудың бекінісінің шаңырағы шайқалып, ортасына түскен болатын. 40-ыншы «Отар» әскери базасы орналасқан аймақтағы шағын бір таулы қырат бомба мен оқтың астында қалып, көк түтін мен қара топыраққа «қақалып» жатқан-ды. Осы бір оңтайлы сәтті пайдаланып, ұрыс алаңында таулы аймақтағы атқыштар бригадасы бөлімшесінің жаяу әскер жауынгерлік машиналары мен танктері беттеді. Танктермен қатар жаяу әскер жауынгерлік машинасы – БМП-2 іске кірісті.
Ұшқыштар әуеде «Хан-шатыр» салады...
Жауынгерлік шеру барысында «Жетісу» және «Сұңқар» ұшқыштар тобының әуеде ұшу арқылы көрсеткен өнері тамашалаушылардың есінде мәңгілікке қалатындай әсер етті. Олар әлемде ең мықты ұшқыштардың өзі тәуекел ете қоймайтын «Нестеревтің өлім тұзағы» («Мертвая петля Нестерева») аталып кеткен аса күрделі әскери тәсілді ойдағыдай орындады. Дыбыс жылдамдығымен жарысқан әскери ұшақтар Отар көгінде өрнек салып, ұшақтан шашқан шашуын әп-сәтте «Хан шатыры» кешеніне айналдырып жіберді. Көрермендер бір сәтте шынайы соғыс айлағына кіріп кеткендей жүрексінсе, бір сәтке ертегілер еліне тап болғандай қуанысып жатты.
Ұрыс теңізде де жалғасты
Отардағы шеру жұмысын тікелей байланыс арқылы Каспий теңізі бойындағы әскери шебіміз жалғады. Қарт теңіздің 2340 шақырымдық шекарасын қорғайтын әскерлеріміздің де өнерлері таңдай қақтырарлық екен. Барша қазақстандықтар онлайн режимде тамашалаған көріністе жағадан теңіз ішіне қарай 40-45 шақырым бойлай енген әскери кемеміз 10 шақырым қашықтықта орналасқан нысананы атып түсірді.
Елбасы жоғары бағалады
Әскери шеруді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өте жоғары бағалады. Ол шеру аяқталған соң: «Бүгінгі Отан қорғаушы мерекесі күнінде өздеріңіздің әскери өнерлеріңізді паш етіп, тамаша өнер көрсеттіңіздер. Бүгінгі шеру бүкіл Қарулы Күштеріміздің әр уақытта да дайын екендігін көрсетеді», – деді. Сондай-ақ ҚР Президенті шеруді барша Қазақстан халқының алдында лайықты өткізгендері үшін Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Шеруден соң...
Мемлекет басшысы әскери парад аяқталған соң жауынгерлік өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін көрсету арқасында бүкіл еліміз Қазақстанның әскери қауіпсіздігін лайықты қамтамасыз етудің куәсі болғанын атап өтті. Ол Қарулы Күштеріміз азаматтардың татулығы мен тыныштығын қорғап тұрғанына да тоқталды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қорғаныс министрі Ә.Жақсыбековпен және Қарулы Күштер генералитеті өкілдерімен бірге отандық кәсіпорындардағы жаңа және жаңғыртылған әскери техника үлгілерімен танысты. Бұл көрмеде Елбасымызға әскери, азаматтық және қосарлы мақсаттағы арнайы техникалар, соның ішінде штабтық, жауынгерлік, медициналық, іздестіру-құтқару машиналары, радиорелелік стансы, қарлы-батпақты жерлерге арналған «Тұлпар» машинасы, Қазақстанда құрастырылатын ЕС-145 тікұшағы, ұшқышсыз ұшатын аппараттар және қару-жарақ, техника мен киім-кешектің өзге де түрлері көрсетілді.
Түйін
Алаш тарихындағы дүбірлі бір күннің түйіні осылай қойылды. Шеруге келген халық Тәуелсіз елдің Қарулы Күштеріне риза болып қайтты. Ал біз болсақ ұлттық рухымызға серпіліс әкелер мұндай шаралар көп болса деген арманмен Алматыға оралдық. Себебі қазақ халқы «Жау жоқ деме, жар астында» дейді. Жар астынан жау іздемесек те, беліміз әрдайым бекем болғаны жөн. Өйткені біз толарсақтан саз кешкен кешегі Махамбеттердің ұрпағымыз...