Жамбылдың батасын алған соғыс ардагері 101-ге келді
Бата-тілекте бір тылсымның бары анық. Мұнымен биыл 101-ге толып отырған Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Сүмбе ауылының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Күрішбек Көжекбайұлы толық келіседі. Бет-жүзіне, қимыл-қозғалысына қарап Күрішбек атаны 100-ге келді деп айтпайсың. 70-80-ге енді толған кей қариялардан анағұрлым сергек.
«Адам өмірге құштар-ақ, шіркін. Өзің секілді балалар маған қызығады. Ал мен оларға қызығамын. Жап-жас, күш-қуаты бойында. Заман болса мынау. Не жеймін, не ішем деген уайым жоқ. Жүз жасауда ешқандай құпия жоқ. Бұл маған қанмен берілген Алланың ең үлкен сыйы деп білемін. Менің арғы аталарым да 100-ді алқымдап барып дүние салған. Солардан берілген шығар... Тағы бір маңызды мағлұмат, соғысқа аттанып бара жатқанда, яғни 1942 жылы Жамбыл атамен кездесу болды. Аузы дуалы адам ғой, майданға кетіп бара жатқандарды жырларымен жігерлендіріп, ақ батасын беріп жүр екен. Алақан жайып, «әумин» дедік. Әлгі «Жүз жасаған жүректен» деген өлеңі бар ғой, соны соғыс жылдарында қайталап айтып жүрдік.
«Ер бол демей не дейін,
Ереуілді майданда үстем болсын мерейің.
Жауды қырып айдауға талмай көмек берейін...
Сендерге өлең айтқанға, еш шаршадым демейін.
Қан майдан боп жатқанда, қарлығар ма көмейім?!»
деп шын жүрегімен егіле жырлаған Жәкемнің батасы қабыл болды. Жауды жеңіп, елге аман қайттық. Әрине, шығын көп болды, дегенмен біз жеңдік. Әділдік жеңді!» – дейді қария ағынан жарылып.
Абыз ақсақалдың айтуынша, Алматыда жасақталған 100-атқыштар бригадасында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова да болған. «Алғаш көргенімде ол бздің 100-атқыштар бригадасында штаб писарі болып істейтін. Елден келген хаттарды үлестіретін. Өзімен бірнеше рет сөйлестім. Өр мінезді, жанарын тік қадайтын еді. Тағы бір ерекшелігі – ол қазақтармен тек қазақ тілінде сөйлесетін. Ондайда қасында басқа ұлттың офицерлері тұр-ау деп қысылмайтын. Қара торының әдемісі еді. Оны сарбаздардың бәрі жақсы көріп, құрмет тұтатын. Кейін өзі сұранып, соғысқа кірді... Арманшыл еді. Маған «Кейін соғыстан соң отбасын құрғанда, мені міндетті түрде тойға шақыр, қайтсем де келемін» дейтін. Амал қанша, 1943 жылдың қазан айында Невель түбіндегі Изочи стансысы үшін болған соғыста небәрі 22 жасында көз жұмды. Ол туралы, оның ерлігі туралы біз жыр ғып айттық. Мәншүкті жер қойнына тапсырғанда мен де болдым. Кейінде Невель қаласындағы бір көшенің атын Мәншүк Мәметова есімімен атады. Елге оралып, той жасаған кезде Мәншүктің аманаты деп, бір шақыруға оның атын жаздым. Оның бейнесі – әлі көз алдымда. Кейіндеу Мәншүк туралы көркем фильм де түсірілді. Сол кезде оның қоюшы режиссері Мәжит деген жігіт менің Мәншүк туралы әңгімемді арнайы келіп тыңдап еді. Фильмнен сол әңгімелерімнің үзіндісін көрдім. Бұл – батыр қызға арналған мәңгілік ескерткіш. Топырағы торқа болсын», – деді қария терең күрсініп.
Абыз қарт майдан даласында көрсеткен ерліктері үшін, майдангерлер үшін мақтаныш болып саналатын Даңқ орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.