Тәуелсіздікпен келген есімдер
Еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген кезеңі қоғамдық сананы да тарихи бетбұрыстарға жетелегені ақиқат. Тәуелсіздік жаңа ұғымдар, жаңа атаулар мен қазіргі заманға сай келетін кісі есімдерін өмірге әкелді. Ертеңге нық сенімі қалыптасып, азаттықтың рухымен бейбіт те бақуатты өмір сүруді қалаған халқымыз дүниеге келген сәбилеріне егемен елдің жетістіктері мен жақсылықтарын ырымдап, есім етіп беруді дәстүрге айналдырды. Осылайша қазақ кісі есімдерінің қоры жаңа тарих туғызған ныспылармен толықты.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дүниеге келген балалар бүгінде 20 жасқа келді. Осы жылдары туған балаларға еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ныспысын беру дәстүрге айналған еді. Егемендік алғаннан кейін қазақ ұлт мақтаныштарын зерттеп, ұлы тұлғаларымызды кеңінен тани бастады. Алаш арыстарына, қазақ Тәуелсіздігі үшін жан қиған тұлғалар өміріне деген тың көзқарас қалыптасты. Міне, осы кезеңдерде қазақ қарадомалақтары Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, Әлихан, Міржақып болып шыға келді. Бұл – елдің ертеңдері болашақта аталған тұлғалардай халыққа қорған, қалқан болсын деген ниет. Әрине, қазақ еліне өзге ұлттардың идеологиясы да кері әсерін тигізіп, Карина, Селеста, Изабелла деген шетелдік есімдердің сәбилерімізге қойылғаны шындық. Дегенмен қазіргі қоғам да еліктеуді қойып, балаға ат қоюға жауапкершілікпен қарай бастады. Биыл Статистика агенттігі барыс жылы жиі қойылған есімдердің тізімін жариялады. Сол мәліметке сүйенсек, биыл қарадомалақтарымызға Аружан және Ерасыл есімдері көп қойылыпты. Жаңа тарихи кезеңде Нұрасыл, Әлихан, Кәусар, Аяулым деген есімдер де кең тарап отыр. Ұлық дініміз бен имандылыққа ден қоюымыз кішкентай Айшалар, Мұхаммедтер мен Дінисламдарды өмірге келтіруде. Сәбиге қойылған ат – оның келешек тағдырына қатысты тілек. Ертеңдеріміз үлкен азамат болсын!
Белгібай Шахметов, медицина ғылымының докторы, психолог:
– Ата-ана нәрестеге атты тегіннен- тегін қоймайды. Адамның аты затына сай болуы мүмкін. Мұны ғылымда «программирование» дейді. Қазір заманға қарай адамға қойылатын аттар да өзгереді. Тәуелсіздіктен кейін сәбилерге батырлардың, тұлғалардың есімдерін беру кең етек алды. Әр есімнің түбірінде «бек», «хан» деген қосымшалары бар. Менің ойымша, бұл – өте жақсы дәстүр. Бұл – ұлттың өзін-өзі тану деген сөз.