Наурыз мерекесі ішіп-жеу күніне айналып кетпесін десек...
Тарихшылар Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы көрісуден басталған дейді. Ықылым заманда ешқандай байланыс құралы болмаған. Қыс түсе жұртшылықтың жақындары мен ағайындары арасындағы қарым-қатынас біразға үзіліп қалады. Сөйтіп, қыстан аман-есен шыққандарының өзін үлкен бақытқа теңеп, күн жылынғанда қауыша бастайды, яғни көрісуді асыға күткен шығыс халықтарын бұл күн зор қуанышқа бөлеген.
Шығыс халықтарының Наурызды осылай жаңарудың, жаңғырудың үлкен мерекесі, күн мен түннің теңелетін Ұлыстың ұлы күні ретінде сән-салтанатымен тойлауының астарында үлкен мән-мағына жатыр және сан ғасырлар бойы жасап келеді. Жер бетінде Наурыз мерекесін осы күнге дейін мемлекет деңгейінде өткізіп, ұрпақтан-ұрпаққа бар құндылықтарымен тұтастай табыстап келе жатқан елдер аз емес.
«Наурыз мерекесін шығыс халықтары секілді салтанатты шеру тұрғысында тойлау деңгейіне жеткізе алдық па?» деген сауалға жауап іздемес бұрын бірнеше елдің Наурызды атап өткізудегі бәріне ортақ не бар, соған үңіліп көрейікші.
Қырғызстан
Қырғыз елі жылдың алғашқы күнінде «нооруз кёджё», «ауз кёджё», «кавут» ұлттық тағамдарын дайындап, Жаңа жылда бір-бірін көтеріңкі көңіл күймен құттықтайды. Наурыз мерекесінде көпшілік қауым ұлттық киімдерін киіп, қала көшелеріндегі мерекелік серуенге қосылады.
Өзбекстан
Мерекенің алғашқы күнінде өзбек халқы бір-бірінің үйіне қонаққа барып, ұлттық тағамдардан ауыз тиеді. Қала көшелері мен алаңдарда ұлттық ойындар ұйымдастырылып, сахналық қойылымдар көрсетіледі.
Түрікменстан
Невруз күніне орай, түрікмен халқы «семени» деп аталатын ұлттық тағамдарын дайындап, келген қонақтарға ұсынады. Сондай-ақ ұлттық киімдерін киіп, ұлттық музыкалық аспаптарымен қала көшелерін думанды салтанатқа бөлейді.
Әзірбайжан
Бұл елде Наурыз мерекесі үш күн тойланады. Наурыздың 21-23 аралығында күллі республика аумағында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жұртшылық көше-көшелерде салтанатты шеруге шығып жатады.
Түркия
Түркияның әр аймағында Наурыз мерекесін тойлаудың өз дәстүрі болғандықтан, бұл мерекенің ел арасында «Айдың соңы», «Сұлтан неврузы», «Невруз сұлтан» деген басқа атаулары бар.
Күллі жамағат таза киімдерін киіп, бір-бірлерінің үйіне барып, мерекемен құттықтайды. Қала көшелерінде мерекелік іс-шаралар өткізіледі. Мереке күндері қалың жұрт көңіл көтеруге міндетті.
Иран
Ирандықтар көктем мерекесін «Жаңа жыл мерекесі» деп атайды. Бұл мереке 13 күн бойы үздіксіз тойланады. Мерекенің 13-күнінде көпшілік таза ауаға шығып, серуендейді.
Татарстан мен Башқұртстан
Наурызда мерекелік іс-шаралар өткізіліп, жер-жерлерде ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Ауғанстан
Бұл күні барлығы қала көшелері мен алаңдарға шығып, көктем мерекесін қарсы алады. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салады.
«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бұл күнді әр ел өзінше тойлайды. Десек те, бәріне ортағы – бүгінгіше айтқанда, салтанатты шеру.
Біз ше, жоғарыда сөз болғандай, Ұлыстың Ұлы күнін өзге шығыс елдеріндей қала көшелерін үлкен думанға бөлеп, тайлы-таяғымызбен тойлайтындай дәрежеге жеткізе алдық па? Қайдам... Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қазақтың Наурыз мерекесіне деген ықыласы қандай еді! Ұлттық келбетті айтпағанда, нағыз мерекенің иісі аңқып тұратын. Көпке созылмады. Алғашқы екпін басылып қалды. Ал Жаңа жыл мерекесіне ел болып бір ай бұрын дайындаламыз. Қала көшелері қызылды-жасылды түске боянып, шыршаны жағуға әкім-қаралардың өздері келеді. Иә, Жаңа жыл мерекесіне еш қарсылығымыз жоқ. Алайда күнтізбемізде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі көш бастап тұрса екен дейміз. Ол үшін, бәлкім, Наурыз мерекесіне жұртшылық жақын қабылдайтындай этнографиялық сипат беру керек шығар? Мәселен, «көше-көшелерде фольклорлық кейіпкерлер шеруге шығып, Латын Америкасы елдеріндегідей карнавалға ұластырсақ дұрыс болар еді» деп те ұсыныс жасап жүргендер жоқ емес. Қалай болған күнде де, таптаурынға ұшырап, тоқырауға түсіп қалмайтындай, Наурыз мерекесін басқа қырынан қызықты өткізуге ұмтылуымыз керек сияқты. Оның өзін де жалпыға бірдей мереке дәрежесіне көтеріп, ұлттық мазмұн беру арқылы ғана. Бай мазмұн мен мәннен жұрдай бола бастаған ұлы да айтулы мерекемізге жаңа тыныс бермесек, ізденбесек, бұл күн барған сайын ішіп-жеу күніне айналып барады.