Оқушылар Ұлыс күнін ұлықтады
Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназияда Ұлыстың ұлы күні жоғары дәрежеде аталып өтті. Ұстаздар қауымы мен оқушылар, ата-аналар бас қосқан бұл мерекелік жиында қазақтың түрлі салт-дәстүрлерінен көріністер көрсетіліп, ән мен күйден шашу шашылды.
Мектеп-гимназияның бес қабаты әрқайсысы бөлек-бөлек концерттік бағдарлама әзірлеп, сахна безендіру, ұлттық киім, ұлттық ойын, ән, би, салт-дәстүр, ұлттық тағамдар мәзірі аталымдары бойынша өзара бәсекеге түсті. Әр қабат өздерін жеке ауылға балаған. Бастауыш сынып оқушылары оқитын «Бал дәурен» ауылынан басталған концерттік саяхат қонақтардың көңілін көншітті. Тілашар, тұсаукесер, ат қою дәстүрлерінен шағын көріністер, асық ату, арқан тартыс тәрізді ұлттық ойындар, «Қаражорға», «Қамажайдай» билер, айтыс, күй тартыс сияқты ұлттық өнер шоқтықтары, құрт, ірімшік, сүзбе, тілеу көже, қымыз, шұбаттай ұлттық тағамдар Ұлыстың ұлы күнінің көрігін қыздырды. Шашу шашылып, ақ баталар ақтарылған бұл күн оқушылардың бала көңілінде тәрбиелік мән-мазмұнымен ұзақ сақталары сөзсіз.
Гүлзада ШАКИРОВА, Қ.Сәтбаев атындағы №56 мектеп-гимназиясының директоры:
– Шыны керек, еліміздегі көптеген орыс мектептері Наурыз мейрамын атап өте бермейді. Біз биыл Ұлыстың ұлы күнін қазақ тілінде оқытатын мектептерден асырмасақ, кем тойлағанымыз жоқ. Ұлы Сәтбаевтың атын иеленген мектепте Ұлыс күнін тойлау жыл сайынғы дәстүрге енген. Бірақ биылғы мерекелік дайындығымыз жылдағыдан айрықша болды. Мектептің әрбір қабаты өздерінше сценарий жазып, өзара бәсекелестікпен әзірленді. Біршама өзге ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде өлең оқып, салт-дәстүрден көріністер қойып жатыр. Осы мейрамның арқасында кейбір үлкен кісілер білмейтін дәстүрлерді жас балалар қаперлеріне құйып, саналарына сіңіріп алды. Балаларымен қосылып, ата-аналары да домбыра тартып, ән айтып, өз өнерлерін ортаға салып жатыр.