"Ағай, есікті ашыңызшы" оқушылар автобусқа кіре алмай әлек болған (видео)
Нұр-Сұлтанда оқушылар мектеп автобусына кіре алмай жүрген видео шықты. Автобус жүргізушісі болса, бір топ ер адаммен автобус ішінде сөйлесіп отырғанын көруге болады.
Видеодан балалардың автобусты айналшықтап, "Ағай, есікті ашыңызшы" деп айқайлап жүргенін көруге болады.
Балалар далада жүр, біріншіден дәл жолдың жанында, екіншіден күн суық, олар тоңып қалған, - дейді видеоға түсіріп отырған ер адам.
Видео Уркер ауылында түсірілген.
Schoolbus ұйымының директоры Альберт Ни оқиға 16 қаңтар күні Үркер ауылында №69 мектепте болғанын айтқан.
Жүргізуші карта ойнап отырмаған. Олар бұл мектепте бірінші жыл жұмыс істеп жатқан жоқ. Аға жүргізуші басқа жүргізушілерді жинап алып, оларға кестедегі өзгерістерді түсіндіріп отырған. Оларға сөгіс жарияланды, жазаланды. Енді бұндай жағдай қайталанбайды. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Жүргізуші сыртта балалардың айқайлап жүргенін естімеген. Естіген бойда есікті ашып, оларды ішке кіргізген. Ол бір-екі минут аралығында болған жағдай. Оларды ақтап отырғаным жоқ. Соны түсіріп отырған адам да, шығып, балаларға көмектесіп, автобустағы жүргізушіге айту керек еді, - деді Альберт Ни.
Компания басшысының айтуынша, автобус оқушыларды сағат 18:20-да және 19:00-де тасымалдайды.
Балалар сағат 17:00-де шыққан. Автобус мектептен алшақ тұрған. Бұл видеода да көрініп тұр. Әдетте автобустар мектептің тура қасына барады. Балалар ойнап жүріп, автобусты көріп қалып, жүгіріп келген. Олар автобусқа жол жиегінің бойында отырмаулары керек. Өйткені тасымалдауға дейін 1 сағат 20 минут уақыт болған. Біз мектеп директорымен сөйлесетін боламыз. Егер балалар уақытынан ерте босап жатса, жүргізуші не істеу керек. Сабақ болмайтын жағдайда, мектептен хабарласып, бізге алдын ала айтатын, - дейді Альберт Ни.
Жүргізушілерге сөгіс берілген. Олар өз кінәсін мойындап отыр. Олар оқушылардың ерте шығатынын білмегенін айтқан.