«Ақберен» байқауы өтеді

Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұрпақ бойына отаншылдық пен ұлттық рухты сіңіру, ана тілі мен, ұлт әдебиетін жете меңгерту мақсатында оқушылар арасында «Ақберен» республикалық байқауын өткізуді көздеп отыр, - деп жазады «Алаш айнасы» республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына сілтеме жасап.
Байқау жас дарындар арасынан гуманитарлық – эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті жоғары, тапқыр әрі талантты жан –жақты өнерлі балаларды іздеп табуды алдына мақсат етіп отыр. Бұл ретте балалардың кәсіби бағдарын айқынду, ұлттық ортаны қалыптастыруға жол көрсетіп, шешендік әмбебаптық қабілеттеріне баса ден қою, табиғи танымдық қабілеттерін ашу көзделеді. Республикалық шараға арнайы мектептердің, гимназиялардың, лицейлердің, жалпы білім беретін мектептердің 8-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Алты бағытта өтетін конкурс шешендік өнер, көркемсөз оқу (поэзия, проза драма), шығарма, ұлттық аспапта ойнау, ақындар айтысы, ақындар мүшәйрасы секілді аталымдардан тұрады. Айта кететіні, байқаудың бірінші кезеңі - аудандық (қалалық), білім мекемелерінің ұйымдастыруымен қаңтар айының соңына дейін аяқталатыны жоспарланса, облыстық, Астана және Алматы қалаларының білім басқармаларының ұйымдастыруымен екінші кезең облыс орталықтарында ақпан айының ортасында тәмам болмақ. Қорытыншы үшінші кезеңде«Дарын» мен Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қолдауымен жалпы командалық топтар сайысы түрінде Түркістан қаласында наурыз 19-21 күндеріне жоспарланады. Әрбір топта қатысушы алты оқушы, бір жетекшіден болуы тиіс.
Республикалық кезеңге екі турдың жеңімпаздарын іріктеу нәтижесінде ережеде көрсетілген өнер түрлері бойынша командалар жасақталатын болады. Конкурс ережелері «Дарын» орталығының сайтында көрсетілген.





