Ақтөбе қаласындағы мектептерде 4,5 мың оқушыға орын жетпейді

Ақтөбе қаласындағы мектептерде 4,5 мың оқушыға орын жетпейді. Қалада қазір 3 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Тағы 4 мектеп бірер жылда үш ауысымға көшуі мүмкін. Бұл туралы Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
«Ақтөбе қаласында апатты мектептер жоқ. Бірақ үш ауысымда білім беретін 3 мектеп бар. Осы мәселені шешу үшін «Нұр-Ақтөбе» ықшам ауданында 1200 орынды, Кірпішті ауданында 320 орынды, Заречный елді мекеніндегі 600 орынды мектеп құрылысы тамызда аяқталып, қыркүйекте пайдалануға беріледі. Мұнымен бар мәселе шешілмек емес. Қала іргесіндегі Сазды орта мектебі мен қала ішіндегі №15, 23, 56 мектептер лық толы. Олар да бірер жылда 3 ауысымда білім беруі ықтимал»,- дейді қала әкімі Бекбол Сағын.
Айта кетейік, қазіргі күні 4,5 мың оқушыға мектеп жетпей тұр. Бұл үшін қалада кем дегенде 5-6 мектеп салынуы тиіс екен. Мектебі жоқ жаңа аудандардың арасында «Болашақ» ауданы бар. Мұндағы ата-аналар қыс айларында балаларына арнайы көлік жалдайды.
«Болашақ» ауданында мектеп жоқ және мектеп салуға орын қарастырылмаған. Балалардың барлығы 11, 12 ықшам ауданындағы мектептерге қатынап, оқып жүр. Мектеп салу күн тәртібінде тұрған мәселе болғанымен, ол маңдағы жердің бәрі жекенің қолында. Жер инспекциясымен бірлесіп, жерді мақсатты игеріп жатыр ма деген сұрақ талқыланады. Негізінен көбі жер үйлер салып алған. Ал үйлерді сатып алу үшін мол қаржы қажет»,- деді Б.Сағын.





