Атырауда мектеп директорының туысы жұмыс істемей айлық алып отырған

Атырау облысында мектеп директоры өзінің, орынбасары мен бас бухгалтердің туыстарын қызметке алған. Алайда, олар мектепте бір күн де жұмыс істемеген, - деп хабарлайды Alashainasy.kz. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерлан Досановқа сілтеме жасап жазды.
Өңірдегі мектеп директорларымен кездескен департамент басшысы Ерлан Досановтың айтуынша, білім саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелі байқалады.
Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген мониторинг қорытындысымен анықталған.
«Білім беру ұйымдарында кең таралған заңсыз әрекеттердің бірі – жақын туыстарын жұмысқа қабылдау. Мәселен, 2018 жылы Мақат аудандық білім бөліміне қарасты бір мектептің директоры өзінің, орынбасары мен бас бухгалтердің туыстарын жұмысқа қабылдаған. Алайда, бұл адамдар іс жүзінде бір күн де жұмыс істемеген. Соған қарамастан ай сайынғы жалақыны алып отырған. Сондай-ақ, бағаны жасанды көтеру мәселесі де бар. Өткен жылдың маусым айында Атырау қаласындағы мектептің бірі жалпы сомасы 5 млн теңгеге бір реттік 100 мың стакан стакан сатып алу туралы хабарландыру жариялады. Стаканның 1 данасына 50 теңге баға белгілеген. Мұндай стақанның медианалық бағасы 3,5 теңгені құрайды. Осылайша, аталған мектеп тауардың бағасын жасанды түрде 4 млн 650 мың теңгеге көтерді», -дейді Ерлан Досанов.
Осыған орай Мақат ауданындағы №2 мектептің директоры Руслан Баймұхашев мемлекеттік сатып алу процесін орталықтандыру туралы ұсынысын білдірді.
«Мектеп директорлары мен мұғалімдер мемлекеттік сатып алу процесін жүргізіп, кәсібіне тән емес функциямен айналысады. Сол себептен білім саласындағы сатып алуды орталықтандыру мәселесін қарастыруды ұсынып отырмыз. Бұл бізді кәсібімізге тән емес функциялардан босатып, заң бұзушылықтарға жол бермеуге ықпал етер еді», -дейді Руслан Баймұхашев.





