Атырауда оқуға грантпен түскен студенттерді колледж басшылығы алдап соққан
Атырау аграрлық-техникалық колледжінде шу шықты! Ондағы студенттердің ата-аналары «басшылық бізді алдап соқты» деп отыр. Айтуларынша, болашақ ветеринарлар үшін бөлінген грантта құрылысшылар, ал тоңазытқыш жөндеушілердің орнына болашақ теміржолшылар тегін білім алған. Осылайша колледждің бұрынғы басшылығы ақылы негізде оқуы тиіс студенттерді грантқа ауыстырып, шәкіртақы беріп келіпті. Енді студенттер соның зардабын тартпақ.
Жаңа директордың талабымен келіспей, шу шығарғандардың дені – төменгі курс студентерінің ата-аналары. Жұпар Мұхамбетәлиеваның айтуынша, оның қызы өткен жылы құрылысшы мамандығына құжат тапсырып, ақысыз негізде оқуға түскен. Бірақ колледждің жаңа басшылығы бұл кәсіп бойынша грант қарастырылмаған деп, бірнеше студентті «мал дәрігері» мамандығына ауыстырып жіберіпті.
Майра Құспанғалиева, студенттің анасы:
-Балалар жоғары балл жинап, грантты алып отыр. Ал бұйрықты басқа мамандыққа шығарған бұрынғы басшы. Енді айналып келгенде біздер өтіп кеткен бір жылдың ақшасын төлеуіміз керек болып тұр. Алған 6 айдың стипендиясын қайтаруымыз керекпіз.
Атырау аграрлық-техникалық колледжіне ветеринария және тоңазтқыш шеберлерін оқытуға грант көптеу бөлінеді. Бірақ аталған мамандықтарды игеруге жастарда ниет жоқ. Бейресми ақпаратқа сүйенсек, кейбір ата-аналар бұл гранттарды қалаған кәсіптеріне аудару үшін, бұрынғы басшылардың тілін тапқан-мыс. Ал білім ордасының қазіргі басшысы былықты біле сала, 40-тан астам жерге хат жазып, тексеріс жүргізуді өтіндім дейді. Соның нәтижесінде грант қарастырылмаған мамандықтарының ақшасы мен стипендиялары да қайтарылуы мүмкін.
Клара Мұқашкереева, Атырау мемлекеттік аграрлық-техникалық колледжінің директоры:
- Бұл жерде кінә тікелей бұрынғы болған басшының кінәсы.2012-2013-2014-2015 жылдары оқуға қабылданған балалардың нақты құжаттарын немесе балын қалай қабылданды, ол неге өтіп кетті деген сұрақтарға мен жауап бере алмаймын.
Бірақ бұны бұрынғы басшы мүлдем жоққа шығарып отыр. Колледжді 14 жыл басқарған Болат Қожиевтың сөзіне сенсек, мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес көрінеді.
Болат Қожиев, Атырау мемлекеттік аграрлық-техникалық колледжінің бұрынғы директоры:
- Мен сізге ештеңе айта алмаймын. Оны қазіргі басшылардан сұраңыз, неге бүгінгі күні оқу орынында көтеріліп жатыр. Неге бұл алты ай бұрын Болат Сандыбайұлының кезінде болған жоқ?. Мүмкін бұны әдейі жасалып отырған біреулер болар. Білмеймін. Балалар менің кезімде ешкім ештеңе деген жоқ.
Бір қызығы, бұл былықты облыстық әкімдік те, білім басқармасы да, тіпті білім саласындағы бақылау департаменті білсе де, білмеген кейіп танытқан. Тек жаңа басшы мен ата-аналардың жазған арыздарынан соң, құзырлы орындар тексеріске кірісіпті. Бірақ 4 айға жуық жүріп жатқан тексеріс қорытындысының әлі шығатын түрі жоқ.