Ахмет Ясауи кітапханасында Р.Бердібай атындағы «Түркология» оқу залы ашылды

Ахмет Ясауи университетінің Ғылыми кітапханасында Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Рахманқұл Бердібай атындағы «Түркология» оқу залының ашылу салтанаты өтті.
Оқу залының салтанатты ашылу рәсіміне университет президенті, профессор У.Әбдібеков, вице-президенттер Б.Мухамеджанов, Н.Батырбаев, академиктің жары Б.Медетова, қызы А.Бердібай, шәкірті, профессор Ж.Камалқызы, сонымен қатар кітапхананың және университеттің бірқатар қызметкерлері қатысты.
Өмірі ғылыммен өрілген дара тұлғаның ғұмыр бойы жинап артында қалдырған кітапханасы мол мұраға бай. Академик кітапханасында қазақ және түркі халық ауыз әдебиеті шығармалары, эпостық жырлары, ХХ ғасырдың бірінші жартысына тиесілі сирек кездесетін кітаптар, энциклопедиялық жинақтар, фольклорлық еңбектер жинақталған. Сондай-ақ романдар, шығыстану, манастану туралы, ескі әдебиеттермен қатар ғалымның өз еңбектері, қолжазбалары, түрік халықтарының эпосы – Көрғұлы туралы барлық басылымдар, түрлі жанрдағы әлем әдебиеті, классикалық, т.б., кітаптардан жасақталған «Түркология» оқу залы алдағы уақытта университеттің білімгерлерінің зерделерін аша түсетін болды. Оқырмандарға баға жетпес құнды азық боларлық кітапхананы университет меншігіне сыйға тартқан ғалымның отбасына университет ұжымы атынан зор алғыс білдіріліп, сый кәде жасалды.
Ғалымның жұбайы Бибізада Қамбарқызы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Музыкатану және композиция» кафедрасының меңгерушісі, қызы Айжан Рахманұлқызы жақсы лебіздерін білдіріп, оқу залы жұмысына сәттілік тіледі. Ғылыми кітапхана директоры Меруерт Әбсеметова алдағы уақытта аталған еңбектердің электронды нұсқасы әзірленетінін, кітапхана сайтына жүктеліп, бүкіл әлем оқырмандарының оқуына мүмкіндік жасалатынын айта өтті.
А.Сәдібеков, университет баспасөз хатшысы





