Бастауыш сыныптарда білім берудің жаңартылған стандарты енгізіледі

2016 жылдың қыркүйегінен Қазақстанда бастауыш сыныптарда білім берудің жаңартылған стандарты енгізіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Ағымдағы жылдың қыркүйегінен бастауыш сыныптардың жаңартылған стандарттары бойынша оқытуды 30 мектепте бейімдеуді бастаймыз, ал 2016 жылдың қыркүйегенде барлық мектептерде іске қосамыз. Яғни, 2016 жылы бірінші сынып, 2017 жылы 2-ші сыныпқа енгізіп, осылайша біртіндеп барлық бағдарламаны жаңартатын боламыз», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, бұл біріктірілген бағдарлама болмақ.
«Жаңартылған бағдарламада дағды мен құзірет беру компоненттері және тәрбие беру жұмыстары күшейтіледі. Бұл біріктірілген бағдарлама болмақ: сыни ойлау дағдысы, командада жұмыс істеу, ақпарат іздеу. Олар барлық пәндерге біріктіріледі. Осылайша біз бағдарламаларымызды халықаралық стандарттарға сәйкестендіреміз», - деді А.Сәрінжіпов.
inform.kz





