Биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына тілдік даярлаудың «6+6» жаңа моделі іске қосылады

Бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов биылдан бастап «Болашақ» бағдарламасына тілдік даярлаудың «6+6» жаңа моделі іске қосылатындығы туралы хабарлады.
- Биылғы жылдың қыркүйек, қазан айларынан бастап «Болашақ» бағдарламасына арнайы квота арқылы түскендер үшін тілдік даярлау «6+6» жаңа моделі арқылы жүзеге асырылады. Ол бойынша тілдік даярлықтың алғашқы 6 айы Қазақстанда өтеді. Яғни екі тілдік мектеп - Назарбаев Университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында. Ал кейінгі 6 айы шетелде өтеді. Оның ішінде тілдік даярлық 18 айдан 12 айға қысқартылды. Ал өздері түсендер үшін тілдік даярлық талап етілмейді. Сол үшін шетелдік ЖОО-лардан шақырту келе салысымен бірден академиялық оқуға жіберіледі, - деді Ғ.Нығыметов.
Айта кетейік, бағдарлама іске асырылған жылдарда 11 126 стипендия тағайындалып, 7 929 маман даярланды. 98% бағдарлама түлегі жұмысқа орналастырылды. Олардың 45%-ы өз білімдерін мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерде, 2,5% - ұлттық компанияларда, 11% - халықаралық ұйымдарда, 39,5% – жеке секторда қолдануда.
13 сәуірде 2015 жылғы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға құжаттар қабылдау ресми түрде басталды. Ағымдағы жылы құжаттар қабылдау үш кезеңде өтеті: 13 сәуірден 8 мамырға дейін, 8 маусымнан 10 шілдеге дейін, 10 тамыздан 1 қазанға дейін.
baq.kz





