Елбасы Жолдауы талқыланды

Жуырда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылауға арналған профессор-оқытушылар құрамының отырысы өтті.
Кафедра ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына жасаған кезекті жолдауын жылы қабылдады. Әсіресе, педагогикалық ұжымда білімді дамыту, рухани жаңғыру, оқытушы мәртебесін көтеру мәселелері қызу талқыланды.
Алдымен кафедра меңгерушісі Г.Қ. Ихсангалиева бұл жолдау жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап жазылғанын атап өтіп, ел дамуына ерекше серпін беретін бұл стратегиялық құжаттың маңыздылығына тоқтала отырып, Жолдауда айтылған негізгі бағыттарды кеңінен түсіндірді.
Одан кейін Елбасының биылғы Жолдауын насихаттау бағытында аға оқытушы Т.В. Курманова баяндама жасады. Ол биылғы Жолдаудың ерекшелігіне тоқтала отырып, еліміздегі индустрияландырудың жаңа технологиясының 10 міндетін атқару, агроөнеркәсіпті кешенді дамыту, көлік логистика инфрақұрылымын жақсарту, адами капитал жаңғырту негізі бұл Қазақстан Республикасының жаңа заманға сай өрлеу бағытын дамыта отырып, дүниежүзіндегі дамыған елдер қатарында өз орнын алатындығын дәлелдеп бергенін атай отырып, осы жолдаудағы 10 міндетті орындау ҚР-ның экономикалық, индустриялық және рухани дамуына үлкен септігін тигізетінін жеткізді.
Бұдан бөлек, жиын барысында сөз сөйлеушілер жолдауда көрсетілген 10 міндеттер бойынша өз ойларын ортаға салды, сондай-ақ оның қарапайым халық үшін тиімді жақтарына тоқтала отырып, Елбасы Жолдауында айтылып кеткен міндеттер мен мақсаттарды ойдағыдай жүзеге асыру, сонымен бірге үлкен жауапкершілік жүктеу екенін де сөзге тиек етті.
Шара соңында кафедраның профессор-оқытушылар құрамы айтылған бағыттардың әрқайсысы аса маңызды болып табылатыны жайлы, Елбасының Жолдауында еліміздің азаматтарына ой саларлықтай біраз ойлар айтылғаны туралы өз ой-пікірлерімен бөлісе отырып, Елбасы Жолдауын насихаттап, білім мазмұнын жаңарту бойынша жасалып жатқан реформаларға қолдау көрсететінін жеткізді.
А.Е. Саденова., Т.В. Курманова
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары





