Еліміздегі 10 университет әлемнің үздік ЖОО-лары қатарына енді

Қазақстанның алдыңғы қатарлы 10 жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттерінің қатарына енген. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлімдеді.
"2014 жылы еліміздің 10 Жоғары оқу орны QS әлемнің үздік университеттері рейтингісіне енді. Атап айтсақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті алғашқы ТОП 400-дің қатарында. Алматы қаласындағы Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ мен Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ тиісінше 601-650-ші орындар аралығында. Ал 651-700-ге М. Әуезов атындағы ОҚМУ, ҚБТУ, Абай атындағы ҚазҰПУ еніп отыр. Сондай-ақ 701-ден әріқарай тізімде Е.А. Букетов атындағы ҚарМУ, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ, Абылай хан атындағы КазХҚжӘТУ бар, – деді Аслан Сәрінжіпов.
Айта кетейік, 2015 жылы бағдарламалық-мақсаттық және гранттық қаржыландыру аясында ғылыми-техникалық бағдарламалардың жаңа циклі басталады. Оған 42,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 22,8 миллиард теңгесі бағдарламалық-мақсаттық жобаларға, 19,7 миллиард теңге гранттық қаржыландыруға бөлінген.
Жастар саясаты бойынша патриоттық тәрбие берумен қамту көлемі жоспарланған көрсеткіштен 12%-ға асып түсті. 2014 жылы жалпы құны 445 млн теңге болатын 47 әлеуметтік жоба іске асырылды. 75 жастар ресурстық орталығы құрылды.





