Мәдениет пен білім саласындағы ынтымақтастық

Қазақстан мен Қытай арасында мәдениет пен білім саласында белсенді ынтымақтастық орнаған. Әсіресе, білім саласында атқарылған шара аз емес.
Жуырда Алматыдағы Қытай Халық Республикасының консулдығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының мүшелерімен кездесу өтті.
Іс-шараға шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Г.Қ. Ихсангалиева, халықаралық ынтымақтастық және ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің декан орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.С. Нұржанова, кафедрадағы халықаралық ынтымақтастық жұмысының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы А.Е. Саденова құрметті қонақ ретінде шақырылды.
Кездесу барысында ЖОО-ға дейінгі білім беру факультетінің декан орынбасары Ж.С. Нұржанова факультет тарихымен, жалпы жағдайымен, білім жүйесімен, оқу-әдістемелік жұмыстарымен таныстырды.
Кафедра меңгерушісі, профессор Г.Қ. Ихсангалиева кафедрада жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулердің жаңа бағыттарымен таныстырып, оқу-әдістемелік жабдықталуы, ерекшеліктері мен басым тұстары туралы мәлімдеме жасады, сондай-ақ, осы жылы кафедраның құрылғанына 30 жыл толғанын атап өтті. А.Е. Саденова кафедрадағы оқытушы құрамының әдістемелік-ғылыми жұмыстары және факультеттегі шетелдік студенттердің жағдайы туралы мәлім етті.
Қытай Халық Республикасының Алматыдағы бас консулы Чжан Вэй мырза өз еліндегі жоғары оқу орындарының тарихымен, білім берудегі өзіндік жүйесімен, әдіс-тәсілдерімен, қазіргі заманғы жаңалықтарымен таныстырып, ой бөлісті.
Кездесу барысында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қытай азаматтарын алдағы уақытта қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде оқыту жөніндегі мәселе қаралды. Чжан Вэй мырза кафедраның жұмысына қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Кездесуде екі жақты студенттермен және білікті, тәжірибелі оқытушылармен тәжірибе алмасу туралы әңгіме жалғасын тапты. Сонымен қатар тәжірибе алмасу, біліктілікті арттыру, ғылыми, мәдени байланыстар орнату туралы ұсыныстар жасалынды.
Г.Қ. Ихсангалиева., А.Е. Саденова.
Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім
беру дайындығы кафедрасы





