Мұғалімге өтемақы беріле ме?

Қызметтегі коронавирус жұқтырған мұғалімге өтемақы төлене ме? Бұл сұраққа Білім және ғылым министрлігі Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қашықтықтан оқытудың ағымдағы жағдайы» атты брифингте жауап берді.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Таңатқызы:
«Елімізде ата-аналардың қалауы бойынша мектепте дәстүрлі форматта оқып жатқан оқушылар бар. Сәйкесінше осындай оқушыларға білім беру үшін мұғалімдер мектепке қатынап, штаттық режімде жұмыс істеп жүр. Осы ретте министрлікке қызметін атқару кезінде коронавирус жұқтырып алған мұғалімдерге де дәрігерлерге төленгеніндей өтемақы қарастыру туралы өтініштер мен сұрақтар көптеп түсті. Бүгінде мұғалімдермен бірдей басқа да қоғамдық қызмет өкілдері, кәсіпорын жұмысшылары, сатушылар, журналистер, кәсіпкерлер мен еріктілер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан мұғалімдерді қазір қоғамда еңбек етіп жүрген басқа мамандық иелерінен бөліп қарауға болмайды», деді.
Аталған брифингте қашықтан оқытудың қазіргі жағдайында көпбалалы отбасындағы балалардың жайы да ескерілгені айтылды.
«Білім беру процесі синхронды (тікелей эфирде, онлайн режімде сабақ өту) және асинхронды (үздіксіз байланыста білім беру) оқыту форматында ұйымдастырылуда. Соның ішінде асинхронды түрі көбірек қолданып отыр. Бұл дегеніміз – мұғалімнің оқушымен қашықтан тұрақты түрде үздіксіз байланыс орнатып, тақырыптық тапсырмалар беру, кері байланыс орнату арқылы білім беруі. Сондықтан отбасындағы 3 оқушының бір уақытта компьютер пайдалануына қажеттілік тумайды. Кейбір тапсырмаларды телефонмен орындап, мұғаліміне жауабын жіберуге болады. Бұл жерде бір үйдегі балалардың сабақ оқуына жағдай жасауды ата-ана қолға алуы керек», деді Ш.Таңатқызы.
Соңғы кезде қашықтан оқытуды ұйымдастыруға мемлекеттен қаржы қарастырылғаны жөнінде ақпараттар тарап кеткен еді. Баспасөз жиынында осы мәселеге қатысты да ресми жауап берілді.
Білім және ғылым министрінің қаржы саласына жауапты орынбасары Бибігүл Амангелдіқызы:
«Еліміздегі шағын жинақты мектептерден басқа оқу ошақтары қашықтан оқытуға көшкен көктемдегі 4 тоқсанда да, сондай-ақ қазір де жаңа форматты ұйымдастыруға мемлекеттен ешқандай қаржы бөлінген жоқ. Республикалық, жергілікті бюджеттен немесе қандай да бір үкіметтік ұйымның қаражатынан қашықтан оқытуды ұйымдастыруға ақша қарастырылмады. Өткен тоқсанда да, жаңа оқу жылында да барлық жұмыстар тек мұғалімдер мен ата-аналардың еңбегімен іске асырылып келеді. Сонымен қатар 4 тоқсандағы және жаз айларындағы әзірленген видео сабақтардың бәрі тегін түсірілді», деді.





