Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мемлекеттік балабақшаларда бөлек топтар ашылуы тиіс

Еліміздегі мемлекеттік балабақшаларда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлек топтар ашу қажеттігін «Бауыржан» қайырымдылық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова мәлімдеді, деп жазады «Алаш айнасы» интернет порталы. Бұл туралы Алматыда Ардагерлер үйінде өткен қайырымдылық шарасы барысында айтылған болатын.
Қайырымдылық қоры төрағасының айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамнан, өз ортасынан шеттетуге болмайды.
Бұл туралы Ж. Омарбекова «Мүмкіндігі шектеулі балалар да мемлекеттің азаматы. Егер олар да қоғамның толыққанды азаматы болып өссін десек, оларды бала бақшадан бастап өз ортасына қосып, өмірге, еңбекке бейімдеу қажет. Әрине, отбасында осындай балалардың туылуы ата-ана үшін үлкен қасірет. Әсіресе анасы қиналады. Ол жұмыс істеуден қалады. Ақшадан тарығады. Оның үстіне мұндай балалар тек үйде тәрбиеленетіндіктен мектеп жасына дейін лайықты білім ала алмайды», - деп атап өтті. Ол өз сөзінде осыған байланысты мемлекеттік бала бақшаларда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бөлек топтар ашу туралы арнайы жоба әзірлегенін атап өтті.
«Мен бұл жобаны ұлттық комиссияның қарауына ұсындым. Дегенмен, әзірге кейінге қалдырылды. Бірақ, қабылданатындығына бек сенімдімін. Өйткені бұл жобаның мемлекетке тигізер пайдасы өте зор. Көп қаржы да талап етпейді. Түсінемін, қазір дені сау балалардың өзіне орын жете бермейді. Бірақ, егер мүгедек балаларды бала кезінен өз ортасына бейімдеп, қатарынан қалдырмай, қоғамның толыққанды мүшелері екендіктерін бойларына сіңдіріп өсірек, олар мемлекеттен тек жәрдемақы алатындар болып ғана емес, сонымен қатар белгілі бір еңбектерге жарамды азаматтар болып өседі», - деген еді Ж. Омарбекова алқалы отырыста.





