Қазақ-Түрік лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді

Қазақ-Түрік лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді

Бүгін Қазақстан мен Түркия арасындағы достық, бауырластық қарым-қатынастарының орнағанына 25 жыл толды. 1992 жылы 2 наурыз күні Қазақстан мен Түркия арасында рухани әрі саяси бауырластық келісімі жасалған болатын. Қазақ елі 1991 жылы 16 желтоқсанда өз Тәуелсіздігін жариялаған кезде ең алғашқы болып қабылдап, бауырлас елдің бостандығына шынайы тілектес болған да осы Түрік елі. Осыған орай Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык мырзамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

- Әңгімемізді екі ел арасындағы бауырластықтан бастасақ.

- Қазақстан мен Түркия арасындағы еркін қарым-қатынастар өз бастауын екі халық арасындағы тарихи, мәдени құндылықтардан алып отыр. Түбіміз бір, тіліміз бір, діліміз бір елдерміз. Осы түсінікпен, осы ұғыммен өмір сүріп, бауырластықты дамытып, жалғастырып келеміз. Жалпы, екі ел арасындағы қарым-қатынастың барлық түрі осы ұстаныммен дамып келеді.

Түркия мемлекеті осыдан 25 жыл бұрын Қазақ елінің Тәуелсіздігін алған кезде алғашқы болып құттықтап, алғашқы болып шын жүректен бауырлас елдің қуанышына ортақ бола білгенімізді бүгінгі таңда мақтанышпен айтамыз. Ал екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынас 25 жылдың ішінде ешбір өзгерместен, сызат түспестен сақталып келеді және бұл қарым-қатынас алдағы уақытта да жалғаса беретін болады. Еларалық байланыс барлық салада да өте қарқынды түрде дамып келеді.

Ал бүгін, яғни 2 наурыз күні – екі ел тарихындағы ерекше күн. Себебі 1992 жылы дәл осы күні Түркия мен Қазақстан арасында диполматиялық қатынастар орнатылды.

- Сіздер үшін Қазақстан сыртқы саясатының рөлі қандай?

- Біз Нұрсұлтан Әбішұлын «Түркі халықтарының атасы» деп санаймыз. Сол Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен Қазақстан барлық салада үлкен жеттістіктерге қол жеткізді. 25 жыл ішінде білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік салада Қазақстан таңғаларлық жетістіктерді бағындыра алды. Сонымен қатар дипломатиялық қарым-қатынастарда, жалпы дипломатиялық салада Қазақстан өзінің сарабдал саясатының арқысында әлемдік деңгейге көтеріле білді.

 

Қазақстанның жүргізіп отырған белсенді сыртқы саясатының нәтижесінде Астана қазақ елі мақтан тұтар үлкен саяси орталыққа айналып келеді. Мұның бір мысалы ретінде Түркия мен Ресейдің бастамасы бойынша Иран Ислам Республикасының қатысуымен өткен ұлттық ұйымдар өкілдерінің басқосуын айтуға болады. Осының негізінде Астана үлкен саяси платформаға айнала алды. Әрине, Сирия мәселесі бойынша Астана келіссөзінің өтуі жақсы бастама екенін айтқымыз келеді. Және де осы келіссөздерге арнайы алаң ұсынғаны үшін Қазақстан тарапына алғысымызды білдіреміз.

Сирия мәселесі – әлемдік мәселе. Ондағы қарулы қақтығыстарды тоқтату үшін Астанада өткен кездесулер өте маңызды рөл атқарды. Бұл Женевада басталған саяси үдерістің әрі жалғасы, әрі түйіндеуші шара деуімізге болады.

- Астана келіссөзіне қатысушы бірден бір мемлекет ол – Түркия. Осы келіссөз бұл тарапқа не бере алды?

- Барлығы білетіндей, Сириядағы дағдарыстың жалғасқанына биыл жеті жылға айналып барады. Ал онда болып жатқан жағдайларды ең көп сезініп, көп зардап шегіп отырған мемлекет – Түркия. Себебі Сириямен тіклей шекараласады. Соның салдарынан 3 млн-нан астам босқын қазіргі таңда Түркияны паналап отыр. Сириялық босқындар үшін Түркиядан қауіпсіз ел жоқ әзірге. Дегенмен, Сириядағы террористік ұйымдар санының көптігі де Түркия үшін аса қауіпті жайлардың біріне айналды. Сондықтан да біз көршіміздегі қарулы қақтығыстардың тезірек тоқталып, бейбітшілік пен тұрақтылықтың тезірек орнағанын қалаймыз. Ал Астана келіссөзіне келер болсақ, тараптар Сириядағы қарулы қақтығыстарды тоқтату туралы келісімге келді. Бұл біз үшін өте маңызды нәтиже болды. Тіпті, мұнан да маңыздысы – Астана келіссөзінен кейін Сирияда қарулы қақтығыстардың біржолата тоқтатылуы. Ал Сирия мәселесі бойынша Астана келіссөздері, тағы да қайталап айтқым келеді, Женева саяси үдерісінің жалғасы әрі тәмамдаушы рөлін атқарды.

- Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси байланысқа қандай баға бересіз?

- Өткен жылы Түркияда өткен Ислам Ынтымақтастық ұйымының ХІІІ саммиті кезінде екі елдің президенттерінің ұсынысымен Ислам әлемінде жаңа бір жақындасу бастамасы көтерілген болатын. Осы бастама негізінде ислам әлеміндегі түсініспеушіліктерді, түрлі мәселелерді бейбіт жолмен шешу жөнінде келісімге келді. Бұл бастаманы да екі ел арасындағы әлемдік маңызды шаралардың бірі деуге болады.

Сонымен қатар осы Саммит кезінде атқарылған игі шаралардың бірі – биыл қыркүйек айында ИЫҰ «Білім және технологиялар» саммитін өткізу келісілді. Бұл шара Қазақстанның бастамасымен Астана қаласында жүзеге асады деп күтілуде. Әрине, ұйымға мүше мемлекет ретінде біз бұл саммитке қатысуға шақыру алып отырмыз.

Саммит биыл Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аясында өтетін болады. Және қыркүйек айында өтетіндіктен, осы көрменің қорытындысы іспетті. Сондықтан да осы Саммит пен ЭКСПО Қазақстанның қол жеткізген табысын әлемге паш етеді деген үміттемін. Жалпы, бұл көрмеге қатысу бойынша Түркия тарапының жұмыстары жалғасуда. Астанадағы ЭКСПО көрмесінің жоғары деңгейде өтуіне біз де өз қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Қазақстанның үшінші жаңғыртуы» туралы бастамасы Қазақстанның инновациялық технологияларын дамыту маңыздылығын айқындай түсті. Жоғарыда айтқан ИЫҰ-ның «Білім және технологиялар» саммиті Қазақстанның осы саладағы жетістіктерін танытатын үлкен мүмкіндік екенін айта кеткен абзал.

Мұндай шаралардың Қазақстанда жиі ұйымдастырылуын бұл елдің әлемдік саясатта, дипломатия саласында үлкен жетістікке жеткені деп бағалауға болады.

Сондай-ақ, Қазақстан Президентінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан Ядролық қаруларды жою жөніндегі, олардың таратылуын тоқтату жөніндегі ұсыныстары Қазақстанның сыртқы саясатындағы өте үлкен жетістіктер деп ойлаймын. Және Президенттің бұл ұсыныстары әлемде өзіне лайық орынын табуда.

Жалпы, Қазақстанның әлемдік саяси аренадағы қол жеткізген үлкен жетістігі ретінде 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігіне сайлануын айтуға болады.

- 25 жыл көлемінде екі ел арасында бірқатар халықаралық ұйымдар құрылды. Бұлардың еларалық қарым-қатынаста алар орыны қандай?

- Бауырлас ел ретінде Қазақстан мен Түркияның бірлесе отырып құрған түркітілдес елдерге ортақ – «Түрік кеңесі» ұйымы бар. Бұл – Түркия мен Қазақстанды ғана емес, жалпы түркітектес халықтардың басын қосқан үлкен ұйым. Қазіргі кезде Бас кеңсесі Стамбулда орналасқан «Түрік кеңесінің» ұлттар ынтымақтастығында алар орны ерекше. Мұнан бөлек бауырлас елдердің басын қоқан тағы бір халықаралық үлкен ұйым ол – «Түрік академиясы». Бас кеңсесі Атанада орналасқан бұл ұйым бүгінде күллі түркітектестерге ортақ рухани байлығымызды түгендеумен айналысып келеді. Екі ел арасындағы мұндай ұйымдар көп. Мысалы, 1992 жылы құрылған ТҮРКІСОЙ қатарлы ұйымдарды атауға болады.

Түркия Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында қоғамның қай саласы болмасын бауырластықпен, ынтымақтастықпен қарым-қатынас жасады. Біздің елдеріміздің арасындағы мұндай байланыс әлемнің өзге елдеріне үлгі боларлықтай деңгейге жетті. Біз бұл жағдайды мақтан тұтамыз.

Сонымен бірге, Қазақстан соңғы 25 жыл ішінде Түркия үшін Орта Азиядағы ең сенімді саяси, әлеуметтік, экономикалық серіктесіне айналды. Әрине, алдағы уақытта бұл қарым-қатынасымыз кеңейе түсетініне сенімдіміз. Себебі, Қазақстан – қазіргі таңда болашағы жарқын, үлкен перспективасы бар мемлекет.

- Екі ел арасындағы сауда-саттық ықпалдастығына тоқталсаңыз?

- Қазақстан сауда және экономика бойынша батыс пен шығысты жалғастырушы «Тарихи Жібек жолы» екенін де атап өткен жөн. Бұдан да бөлек, көлік логистика, энергетикалық қауіпсіздік салаларында ең маңызды бағдарлар, үлкен жолдар Қазақстан арқылы өтеді. Каспий теңізі арқылы Түркияға бағыт алған бұл бағдар «Орталық дәліз» ретінде танымал. Ол басқа бағыттар үшін балама ретінде емес, керісінше, соларға жасалған мүмкіншілік деп бағаланғаны орынды. Себебі бұл – ең экономикалық тиімді, ең ыңғайлы және ең тез жеткізетін бағдар. Дегенмен, біз үшін бұл «дәліз» екі ел арасындағы қарым-қатынастың басқа бағыттарына көлеңке түсірмейді, керісінше, қозғаушы күш.

Жалпы, тілге тиек етіп отырған шығыс пен батыс арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар осы бағдар бойында орналасқан елдердің дамуы мен көркеюі үшін, тек қана тиімді жағынан әсер етеді деген үміттеміз.

Тағы бір ерекше атап өтетін жайт, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар 1992 жылдан бергі байланыстар нәтижесінде жоғары деңгейдегі стратегиялық әріптестік деңгейіне жетті. Бұл әріптестік 2009 жылы қол қойылған «Стратегиялық әріптестік» туралы мемерандуммен бекітілген.

Екі ел басшылығының қатысуымен өткізілетін жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі бар. Биыл бұл кеңес отырысы үшінші рет өтетін болады.

Сонымен бірге Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын нығайта түсу мақсатында үкіметаралық экономикалық комиссия қызмет атқарады. Ал комиссияның тең төрағалығын екі елдің Премьер-министрлерінің орынбасарлары атқаратын болады. Бұл комиссияның отырысы өткен жылы Түркияда өтті. Ал биылғы басқосу Астанада өтеді деп күтілуде.

Қазақстан экономикасының негізгі салалары – мұнай мен газ. Алайда, осы екеуімен ғана шектелмей, өзге де экономиканың қозғаушы көздерін дамыту үшін экономиканы әртараптандыру мен модернизациялау басты маңызға ие. Ауылшаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту, қызмет көрсету секторын жетілдіру қатарлы мәселелерді әлі де күн тәртібінен түсірмеуі Қазақстанның болашағынан көп үміт күттіреді.

Әрине, Түркия мен Қазақстанның экономикалық әлеуеті өте жоғары. Дегенмен, қазіргі жеткен жетістігімізге тоқмейілсуге болмайды. Екі ел арасындағы сауданы алар болсақ, соңғы 2-3 жылдағы жаһандық дағдарыс жағдайы екі жақты сауда-саттық көрсеткішін төмендеткені анық. Дегенмен, осы дағдарысқа қарамастан, 2016 жылы екі ел арасындағы сауда-саттық 2,5 млрд доллардан асты. Сонымен қатар, өткен жылы Түркия Қазақстанның сауда экспорт-импорты бойынша алғашқы он елдің қатарынан көрінді.

Ал жалпы энергетика саласын қоспағанда, Қазақстанға ең көп инвестиция салушы ел ретінде Түркия алғашқы орында. Бүгінгі таңда Түркия инвестициясы 2 млрд доллардан асып отыр. Мұнан бөлек, құрылыс саласы мен мердігерлік бойынша да Түркия көш басында. Олардың Қазақстанда жүзеге асырған жобаларының құны 21 млрд долларды құрайды.

- Екі ел арасындағы бауырластық пен ынтымақтастықтың дәнекері – рухани байланыс. Ал оның негізі білімде жатқаны анық. Осы тұрғыда, Қазақстандағы Түрік лицейлері туралы айта кетсеңіз?

- Сұрағыңа жауап бермес бұрын, Түркия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар өте жоғары деңгейде екенін тағы да айтқым келеді.

Оның бір көрінісі, өткен жылы 15 шілде күні Түркияда әскери төңкеріс жасамаққа әрекеттенушілер болды. Бұл әрекетке басты кінәлі Феттулах Гүлен лаңкестік ұйымы екені анықталды. Осыған байланысты, түркі халқына, Түркия билігіне алғашқы болып қолдау білдіріп, лаңкестік әрекеттен кейін шетел президенті ретінде Түркияға алғаш сапар жасаған Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев еді. Мұндай қолдау көрсеткені үшін түрік халқы Қазақ елінің басшысын әрқашан құрмет тұтады. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл сапары екі ел арасындағы бауырластықтың, ынтымақтастықтың деңгейін көрсетті.

Өздеріңіз білетіндей, Феттулах Гүлен лаңкестік ұйымы, біз оны FETO дейміз, тек Түркияға ғана емес, басқа елдерге де кеңінен тараған ұйым. Себебі олар білім саласы арқылы, БАҚ арқылы және іскерлік қарым-қатынастар арқылы кез келген елде өз жоспарларын жүзеге асырып отыр.

Жалпы, түрік халқының түсінігі бойынша, 15 шілде күні жасалған лаңкестік әрекет - әскери қару-жарақ алып, Түркияға ғана қарсы шығып, өз елінің Үкімет үйін бомбалап, өз президентіне қастандық ұйымдастырып отырған жоқ. Олар осы арқылы барлық бауырлас мемлекеттер арасына іріткі салып, қауіп төндіріп отыр деп санаймыз. Сондықтан да бауырлас, мүдделес елдердің FETO ұйымына қарсы әрекетке баратынына сенімдіміз.

Жалпы, осы лаңкестік әрекетті айыптау мәселесінде екі ел президенттері қол жеткізген уағдаластыққа сәйкес, FETO ұйымына қарсы шараларды ұйымдастыру жөніндегі еларалық бірлескен комиссия құру жөнінде шешім шығарылды. Соның аясында екі елдің тиісті мекемелері арнайы іске кіріседі деп күтіп отырмыз.

Осы орайда бір мәселенің басын ашып айтып кеткім келеді. Ол – ҚТЛ мектептері туралы.

Негізі, Қазақ-Түрік лицейлері деп аталғанымен, бұл мектептерге мұндай атау ресми түрде берілген емес. Және бұл мектептер Түркия Ұлттық білім министрлігінің құзыретіне қарамайды. Жеке қордың қарамағында. Онда сабақ беретін ұстаздар да министрліктің атынан келген мұғалімдер емес. Директорлары да Түркия тарапы ұсынбаған басшылар. Олар бар болғаны, Түркия атауын рұқсатсыз пайдаланып, өз мақсаттарын жүзеге асырып отыр.

Қазіргі таңда мұндай лицейлер көп. Біз бұлардан арылатын боламыз. Түркия атына кір келтірушілерден өз абыройымызды қорғаймыз. Ал сол мектептерде оқитын оқушылар мен ұстаздар, болмаса ата-аналар еш зардабын тартпайтын болады. Біздің мақсат ол емес. Керісінше, оларға мүмкіндігімізше көмектесу. Мектептерді кадрмен қамтамасыз ету, сапалы білім беру мен білімді оқушы дайындауда Түркия тарапы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, қолдан келгеннің барлығын жасауға әзір. Бұл туралы осыған дейін де біз үнемі айтып келеміз.

Алдағы уақытта бұл лицейлер толықтай Түркия Ұлттық білім министрлігінің қарамағына өтеді. Сол кезде бұлар екі елдің ынтымақтастық мүддесіне сай біліммен сусындататын болады. Осы мақсатта Түркия Ұлттық білім министрлігінің жанынан арнайы қор құрылып, өзге мемлекеттердегі түрік лицейлерін FETO лаңкестік ұйымының әсерінен арылту мәселелерімен айналысып жатыр.

Жалпы, қазақстандық қоғам мынадай бір мәселені жете түсінсе екен деймін. FETO лаңкестік ұйымы БАҚ арқылы, бизнестік қарым-қатынас арқылы өзінің үгіт-нәсихатын әлі де тоқтатпай келеді. Сондықтан мұндай ұйымдардың жымысқы әрекеттері Қазақстанда да қолдау таппауы керек. Тіпті, Қазақстан аумағына мұндай ұйымдардың өкілдері кірмеуі керек.

- Алдағы уақытта атқарылады деп жоспарланған жұмыстар туралы айтсаңыз?

- Алдағы уақытта көлік логистик, виза алу, жол мәселесіне қатысты бірқатар жеңілдіктер болатын жағдайда екі елдің байланысы бұдан да ары нығая түсетіні анық. Бұған екі ел арасындағы еркін суда мүмкіндіктері, туризм секторы, қорғаныс өнеркәсібі саласы, иновациялық жобалар мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту шеңберінде жүзеге асырылатын жобалар әсер ететін болады деп сенеміз.

Екі ел арасындағы рухани, әлеуметтік, саяси-экономикалық, бауырластық қарым-қатынастардың болашығы жақын. Және бұл еларалық байланысты жалғастыру үшін, нығайта түсу үшін әлі де атқарар іс көп екенін айтқым келеді.

Осы күнге дейінгі статистикалық мәлметтерге көз жіберер болсақ, ынтымақтастығымыздың, қарым-қатынастарымыздың дамығанын көреміз. Ал Қазақстан-Түркия байланысы біздің елдерге ғана емес, осы аймақтағы елдердің барлығына да әсер ететіп келеді десек, артық айтқандығымыз емес.

Осы орайда, Қазақ елін 25 жылда жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Екі ел арасындағы ынтымақтастық әрқашан жалғасын тауып, дами берсін!

- Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай

baq.kz


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста