Қазақстанда Ғылым мен техника және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтар тағайындалды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы
Ғылым мен техника, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктері үшін мемлекеттік сыйлық беру жүйесін жетілдіру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы және Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы тағайындалсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы және әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтары туралы ереже;
2) Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже;
3) Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже;
4) Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамы;
5) Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның құрамы;
6) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы лауреатының дипломы мен төсбелгісінің сипаттамасы бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі бір ай мерзімде осы Жарлықты іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
6. Осы Жарлық 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2015 жылғы 21 қаңтар
№ 993
inform.kz





