Қош келдің - Наурыз!

Жуырда шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің деңгейінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң «Айналаңды нұрландыр» атты бағдарламасы аясында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел «Қош келдің – Наурыз!» атты тақырыпта өтті.
Дөңгелек үстелге шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының барлық оқытушылары мен Қытай, Корея, Ауғанстан, Швейцария, Жапония және басқа да елдерден келген шетелдік студенттер қатысты. Дөңгелек үстелде сөз алған шетелдік студенттер Қазақстанда бұл мейрамға ерекше көңіл бөлінетіні, ол елімізде өмір сүріп жатқан сан халыққа ортақ мереке екені, Наурыз мемлекет қолдауымен тойланатыны, демалыс жарияланып, барлық қалалар мен елді мекендер үлкен дүбірлі той орталығына айналатыны туралы сөз етті.
Сонымен қатар, осы ұлы мерекеде қазақ ұлтының нақыштарын көруге болатыны, қалаларда киіз үйлер тігіліп, қазандарда наурыз көже пісірілетіні, тойға жиылған қауым бір-бірімен жүздесіп, ренжіген жағдайлары болса, кешірім жасайтыны, ұлттық тағамдар – бесбармақ, қуырдақ, бауырсақ, ақтан түрлі тағамдар жасалатыны, мерекелік күнде қалалар мен ауылдарда ойын-сауықтар (ат жарыс, теңге алу, палуан күрес және т.б.) өтіп, бойжеткендер мен бозбалалар алтыбақанда ән шырқайтыны жайлы өз ойларын ортаға салып, қызу талқылады.
Одан кейін шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушысы М.А. Азнабакиева сөз алып, баяндамасымен таныстырды. Ол Наурыз – еліміз үшін жыл басында тойланатын думанды халықтық мейрам, сонымен қатар, атап өтетін жағдай, бұл мерекенің негізгі мағынасы мен маңызы көптеген халықтар үшін ортақ болып табылатынын, бұл жаңалықтың, жаңа бастау мен жаңарудың күні екенін айтып өтті.
Осы кафедраның аға оқытушысы Т.В. Курманова өз сөзінде "Ұлыстың ұлы күні" аталатын бұл мерекенің тарихы тереңде жатқанын, Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан бері орын алғанын, Наурыз (парсыша «нау» - жаңа, және «руз» - күн ) - жаңа жылдың бірінші күні, көктемнің басы, жаңару күні екенін, қазақтар бұл мейрамды Әз-Наурыз мейрамы деп те атайтынын атап айтты.
Шетелдік студенттер бейне таспа арқылы Қазақстан Республикасындағы "Ұлыстың ұлы күні" наурыз мерекесінің тойлануымен таныса отырып, елімізде бұл мереке кезінде салт-дәстүрмен толық танысып, ұлттық тағамдардан дәм татуға болатынын тамашалай алды. «Қош келдің -Наурыз!» атты дөңгелек үстел мәдени диалог түрінде шетелдік студенттердің өздерінің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде өтті.
А.Е. Саденова, С.Р. Нұртілеуова.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шетелдіктердің тілдік және
жалпы білім беру дайындығы
кафедрасының оқытушылары.





