Қызылордада оқушылардың сабаққа смартфон ұстап келуіне тыйым салынуы мүмкін

Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға мектепте смартфон ұстауға тыйым салынуы мүмкін. Бұл бастаманы алғаш Қызылорда облысының прокурорлары көтерді деп хабарлайды 31 арна.
Мектеп қабырғасында жүріп смартфон ұстаудың оқушыға тигізер залалы көп дейді құқық қорғау органдарының өкілдері. Тіпті прокурорлар, ұсыныстарын облыстық білім басқармасына айтып та үлгерген екен.
Үміткүл Махмұт 7 сынып оқушысы. Жасөспірімге мектепке смартфон ұстап баруға тыйым салынған екен. Ұстаздары емес, ата-анасы бұған түбегейлі қарсы болыпты. Үміткүл кейде ғаламторды қолдануда қиындығы жоқ мұндай ұялы телефонның сабақ кезінде керек болатынын айтады.
"Мен былайынша сабақта қолданбаймын. Бірақ керек кездер болады суретке түсіру секілді. Бірақ негізі сабақтан бос уақыттарда ұстай беремін", - дейді оқушы Үміткүл Махмұт.
Ал прокурорлар жолдаған ұсыныстарының білім басқармасында қаралып жатқанын айтады. Мәселенің туындауына бірнеше себеп түрткі болыпты.
"Өз кезегінде смартфон қолдану оқу процесіне зиянын тигізеді. Және ең бастысы интернетке бақылаусыз қол жеткізу бізді қазір алаңдатып отыр. Прокуратураның жүргізілген мониторингі барысында, яғни "вконтакте" әлеуметтік желісіне мониторинг жүргізу барысында өңірімізде 106 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсауды насихаттаушы топтарға тіркелгені анықталды", - дейді Қызылорда облыстық прокуратура басқарма басшысының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев.
Ал мұғалімдер бастаманың жүзеге асуына қазірден дайындалып жатыр екен.
"Барлық мектептер де, сыныптар да балалардың телефондарын сақтайтын қазір қораптар дайындалып жатыр. Балалар мектепке келгенде телефондарын тапсырып, шыққан кезде алады. Және үзілісте ата-аналарымен хабарласуға мүмкіндіктері бар", - дейді Шынболат Жолдасбекұлы.
Алдағы жаңа оқу жылынан бастап қызылордалық оқушылар енді смартфонсыз сабаққа баруы мүмкін. Айта кетелік,осы мәселеге қатысты министрлік смартфон телефонын оқушылардың ұстауы керек не керек еместігін әр мектеп өздері шешсін деп отыр.





