Студенттерге МӘМС жарнасын мемлекет төлейді

Келесі жылдан бастап студенттер үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарнаны мемлекет төлейді, деп хабарлайды 24.kz.
Оның көлемі 4-5 мың теңгенің көлемінде болады.
Аталған жүйеге жауапты жұмыс тобы сарапшыларының айтуынша, барлық жоғарғы оқу орнының студенттері қажетті медициналық қызметті еш қиындықсыз алады. Тек олардың барлығының аты-жөні Білім және ғылым министрлігіндегі бірыңғай мәліметтер базасында болуы тиіс.
2020 жылдан бастап мемлекет студенттерге соңғы екі жылдағы орта табыстың 1,5%-ке жуығын, яғни 4-5 мың теңгенің көлемінде жарна төлейді. Бастысы – студент мәртебесі болуы міндетті. Тәлімгерлер аты-жөнінің бірыңғай базаға енгізілуіне оқу орындары жауапты болады.
Зәбира Оразәлиева, МӘМС жүйесі жұмыс тобының сарапшысы:
- Келесі жылдан бастап медициналық қызмет екі пакетке бөлінеді. Егер жедел түрде келіп жатса, оның барлығы тегін кепілдендірілген медициналық қызмет түрінде болады және тегін болады. Егер жоспарлы түрде болатын болса, ол азамат үшін студент үшін қаражатты мемлекет төлеп қояды. Студент сақтандырылған санатында болады.
Әзірге студенттер әдеттегі жүйе бойынша өздері тіркелген емханаларда тегін қаралады. Әрбір оқу орны жатақхананың орналасуына қарай емханалармен келісімшартқа отырған. Дегенмен, медициналық қызметтің сапасы туралы жастардың пікірі әрқилы.
Әділ Есім, студент:
- Негізі мен оқитын университет мемлекеттік клиникаға бекітілген. Бірақ мен өзім ақылы емханаға барамын. Себебі, ол жердегі қызмет көрсету сапасы жоғары. Сондықтан мен оларға көбірек сенемін.
Сәния Сәдуақасова:
- Ақылы ауруханалар ауру түрін көбейтіп жібереді. Мен мемлекеттік емхаларға қаралуды дұрыс көремін.
Елордадағы №3 емхана студенттерге 1976 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Қазірдің өзінде 4 жоғарғы оқу орны мен 40-қа жуық колледжбен келісімшарты бар.
Жұмагүл Мерекенова, қалалық №3 емхана директорының орынбасары:
- Біздің емхана қала бойынша студенттермен ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бірден-бір мекеме. Медициналық санитарлық және профилактикалық тексеру және әскер жасына жеткендерді тіркеу, тексеру шараларын жүргіземіз. Негізінен студенттер арасында салмақ жоғалту, анемия, асқазан-ішек жолдары аурулары жиі кездеседі. Ауру түрі асқынған жағдайда республикалық диагностикалық орталыққа жібереміз.
Мамандардың айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуде студенттердің де құқығы барынша қорғалған. Олар оқуларын тәмамдағанша мемлекет есебінен тегін ем алады. Ал, студент екенін нақтылайтын базада болмай қалған жағдайда ақылы түрде емделуге тура келеді.





