Шымкентте оқушы қыздар мұғалімге жала жауып, арыз жазған

Шымкенттегі №53 мектептің 10 сыныбында оқитын үш қыз бала математика пәні мұғалімінің үстінен полицияға арыз түсірген. Олардың айтуынша, педагог қыздарды кабинетте оңаша қалдырып, шешінуді бұйырған көрінеді. Дегенмен, мән-жайды тексерген тәртіп сақшылары бұл арыздың жала екенін анықтап отыр деп жазады Otyrar.kz.
Осынау шағымнан кейін мектепте дүрбелең басталыпты. Мамыр айының басында басталған тексеріс тоқсан қорытып жатқан ұстаздарға әжептеуір кедергісін тигізген.
Білім ордасының директоры Ахмет Мамшетов бұл оқиғаны жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, математика пәнінің мұғалімі үш қызға сабақ үлгерімі нашарлағаны үшін ұрысқан. Осы сәтті пайдаланған біреулер мұғалімнің оқушыларға ұрсатын құқығы жоқ деп, шағымдануға ақыл берген болуы мүмкін. Себебі, арыз қазақ тілінде жазылған. Ал оқушы қыздар өзбек сыныбында оқиды.
Прокурорлардың тексеруінен кейін оқушының шағымы шындыққа жанаспайтыны анықталған. Есесіне білім ордасының өзге былықтарының беті ашылды. Мектептің биылғы оқу бітіргелі отырған түлегі нәпақа табу мақсатында шетелге кетіп қалған көрінеді. Ал мұғалімдер сынып журналына сол оқушыны келмей қалғанын белгілемей, тіпті, баға қойып келіпті.





