Тараздық 7 сыныптың оқушысы Лондондағы тіл байқауында алтын медаль жеңіп алды

Ұлыбритания астанасындағы білім сайысына әлемнің түкпір-түкпірінен білімді балалар жиналған екен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Байқау тамыз айының басында өткен. Оған Қазақстанның атынан 6 бала барыпты. Бес күнге созылған сайыста Ихсан Илесов есімді тараздық оқушы топ жарып, алтын медаль жеңіп алды.
Одан бөлек қазақстандық жасөспірімдердің еншісінде 1 күміс, 1 қола медаль бар.
Ихсан Илесов Тараздағы жекеменшік мектептердің бірінде оқиды. Айтуынша, тіл олимпиадасы ол үшін үлкен сынақ болыпты. Әр кезең сайын берілген тапсырмалардың деңгейі қиындай берген екен.
- Өте ауыр болды. Бірақ, берілген тапсырмаларды дұрыс орындап шықтым. Ол үшін ұстазым Мэла ханымға алғыс айтамын, мені жақсылап дайындады, — дейді ол.
Ихсанның үш бауыры бар. Ағалары ағылшын тілін жақсы меңгерген. Үйлерінде бір-бірімен шет тілде сөйлесіп, ағылшынша кино-мультфильмдерді аудармасыз көреді екен. Ихсанның анасы оның бұл жетістігіне қатты қуаныпты. Тек, жергілікті атқамінерлердің келіп, баласын бір ауыз құттықтай алмағаны жүрегіне қатты тиген.
Ихсан Илесов жеке мұрағат
- Біз бұл олимпиадаға бару үшін бірнеше млн теңгені өз күшімізбен таптық. Ұлым Қазақстанның атын шығарды, алтын алды. Оның жасы небәрі 13-те. Білім басқармасындағылар құттықтамады, түк білмегендей боп отыр. Ұлымның алдында қатты ұялдым, — дейді Ләззат Илесова.
Ихсан болашақта ақпараттық жүйелердің маманы не болмаса дәрігер болғысы келеді екен. Әзірге нақты таңдауды жасамапты. Білімді бала болашақта үлкен жарыстарда топ жарамын деп отыр.





