Тарту етілген оқу грантынан 11-сынып оқушысы бас тартты

Алматы облысында 8 жасар қызды педофилден құтқарған оқушы білім грантынан бас тартты.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады. Жергілікті билік Тимурбек Жамаладдиновке жасаған батылдық әрекеті үшін Алматыдағы жоғары оқу орындарының біріне тегін білім грантын сыйға тартқан болатын.
Алайда, 11-сынып оқушысы емтихандарды басқа түлектер секілді өз күшімен тапсырғысы келетінін айтты.
«Мал дәрігері болғым келеді. Бұл — менің арманым.
Әкім грантымен болмаса да, Аграрлық университетке өз күшіммен түсетін боламын. Барлық емтихандардан сүрінбей өтетініме сенімдімін. Алла қаласа, бәрі жақсы болады», — дейді Тимурбек.
Диплом алған соң ол туған ауылына келіп, қартайған ата-әжесіне көмектескісі келеді. Оған дипломмен қатар, планшет пен мобильді телефон сыйға тартылды.
Еске сала кетейік, 14 сәуір күні Алматы облысы Еңбекші қазақ ауылында 8 жасар қызды зорламақ болған 32 жастағы адамнан сол ауылдағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Тимур Жамалладинов құтқарып қалған болатын. Ал, 21-сәуірде оған Алматы облысы әкімінің білім гранты берілетіндігі жарияланды. Бұл шешімді облыс әкімдігі қабылдаған болатын.





