Тәуелсіздік - тәубе етер қасиетті ұғым

Бағалай білмегенге бақ қонбайды,
қуана білмегенге құт қонбайды.
Әбіш Кекілбаев
Тәуелсіздік – тәубе етер қасиетті ұғым. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Тәуелсіздіктің тар жол, тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз» - деп, ел басына күн туған жағдайдың өзінде еркіндік үшін күресті орасан зор қайраткерлікпен жалғастыра беру керектігін меңзеп отыр.
Ұлтымыздың тарихына көз жүгіртсек, ұлт болып қалыптасуымызға, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды сақтап қалуға, ел бірлігі мен жер кеңдігін дін аман ұрпаққа аманаттау үшін мыңдаған жылдар толассыз күреспен өткендігін байқаймыз. Жоңғарлармен шапқыншылықта елі үшін қолына найза алған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай секілді батырларымыздың ерлігі, ел басына күн туғанда бірлікке шақырған, ақыл-кеңесін берген, керек кезінде атқа қонған орақ ауыз, от тілді би-шешендеріміз Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің мәмлелі кеңесі халқымыздың рухын көтеріп отырды. Жаймашуақ күндерімен қоса қасіреті де қатар жүретін қилы заманды басынан өткерген қайсар халық 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісін, 1917 жылғы ұлы қазан төңкерісін, 1931-1932 жылғы ашаршылық нәубетін, 1937-1938 жылдары ұлт көсемдері атанған зиялы қауымды қынадай қырған репрессияны, 1941-1945 жылдары неміс фашистерінің тұтқиылдан шабуыл жасаған Ұлы Отан соғысын, 1986 жылғы тәуелсіздікті ұрандап алаңға шыққан жастардың жазықсыз қырылған «Желтоқсан» оқиғасын қайыспай көтерді. Ұлан байтақ жер үшін, Қазақ мемлекеттігінің мәңгілік сақталуы үшін болған күресте арқасын оққа төсеген нар тұлғалы ер-азаматтардың қанымен, тілеуін тілеген, ботадай боздаған ананың көз жасымен, өрімдей жастың жалындаған жігерімен, арманымен келген Тәуелсіздік сөзі - киелі, қастерлі ұғым.
Бүгінде өз шекарамыз айқын, дініміз бен тіліміз, мемлекеттік рәміздеріміз бен ұлттық құндылықтарымыз, мәдениетіміз бен салт-дәстүріміз бар егеменді, зайырлы елге айналдық. Ұлтымызға тән қайтпас қайсар мінезі мен болашаққа деген сенімі бізді осы күнге жеткізді.
1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ елі өз Тәуелсіздігінің туын тікті, өз Президентін сайлады, өз көшін түзеді. Мемлекет азаматтарының құқықтарын, заңдарын нақтылайтын Конституция қабылданды. Әлемдік деңгейге танылу жұмыстары қарқынды жүрді. Қазақ ұлтының әнұраны шырқалды, көк туы желбіреді, елтаңбасы еншіленді, ұлттық валютасы қолданысқа енді.
Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы әр адамға байланысты екенін көптеген зиялыларымыз айтудан жалықпайды. Қазақтың белгілі жазушысы, қайраткер Әбіш Кекілбаев: «Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгіміздің көңіліне қарамасақ − ертеңгілерді қайдан қарық қыламыз?!» деген еді. Сондықтан өткенге салауат айтып, бүгінгіні бағалап, ертеңге деген жақсы ниетпен өмір сүрудің маңыздылығын түсінгеніміз жөн. Тәуелсіздік – еркіндіктің, мәңгілік азаттықтың кепілі. Еліміздің егемендігі мәңгілік болу үшін жас ұрпақ біздің жасампаз мемлекетімізге лайық болуы керек. Мемлекетті озық білім мен терең ақыл-парасатпен тізгіндесек қана тәуелсіздік уысымыздан сусымасы анық!
Айгүл Асқарбаева
№ 86 мектеп-гимназия директорының
Тәрбие ісі жөніндегі орынбасары





