Тегін деген электронды күнделік әр қызметіне ақы сұрап кетті
Тегін деген электронды күнделік қит етсе ақы сұрайтын болған. Онлайн күнделіктің жұмысына қатысты ата-аналар осылай деп наразылық танытып отыр.
Олардың айтуынша, мобильді қосымша алғаш қосылғанда мінсіз жұмыс істеген. Алайда, уақыт өте келе баланың бағасын білу үшін ақша сұрай бастаған. Ал, ұстаздар жүйеге күнеделікті кіруге мәжбүрлейтін көрінеді.
Электронды күнделіктің қыр-сырын Диана Сапарқызы анықтап көрді.
Гүлмира Біржанова онлайн күнделіктің белсенді қолданушысы. Мобильді қосымша пайда болғалы, мектепке бармай-ақ, баласының сабақ үлгерімін осында бақылап отырған. Алайда, ата-ана кейінгі кезде жүйедегі қызметтердің 90 пайызы ақылы болып кеткенін айтады. Яғни, бір ай пайдалану 300 теңге, ал жыл бойына 3 мың теңгеге жуық ақша сұрайды. Тіпті, порталды оқуға еш қатысы жоқ үздіксіз жарнамалар пайда бола бастаған.
Гүлмира БІРЖАНОВА, АТА-АНА:
- Білім минстрлігі ұсынған мобильді қосымша ақылы болмау керек. Жүйеге кіргенімде жағамды ұстадым. Қит етсе ақша сұратады. Қосымшаның ішінде жарнама да көп. Қазіргі кезде ол жүйеде оқушыға берілген тапсырма қызметі ғана ашылады. Баламның бағаларын көргім келеді. Оны көру үшін ақша төлеңіз деп шығады.
Авторлардың айтуынша, жобаны олар мемлекетке тегін әзірлеп берген. Есесіне, компания порталда шығатын жарнамадан пайда табады. Жоба жетекшісі Электронды күнделікте пайда болған ауытқуларды министрлікке ысырып отыр.
Мұқтар ІЛИЯСОВ, «KUNDELIK.KZ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:
- Ол мәселені шешетін біздің министрлік. Біз тек қана әзірлеуші ретінде бағдарламаны жасадық. Бірақ, толықтай барлық жиналған мәлімет минстрліктің серверлерінде орналасқан. Сондықтан, жүйе жақсы деңгейде жұмыс істеу үшін сол серверлердіәң қуатын күшейту қажет.
Бас ұстаз Ерлан Сағадиев болса, сұраққа мардымды жауап қатпай, суыт кетіп қалды.
Жоба авторы Мұқтар Ілиясовтың сөзінше, елде 6 мыңға жуық білім ордасы электронды күнделікпен жұмыс істеп отыр. Қосымшаға 4 млн адам тіркелген. Күн сайын 3 мыңнан астам адам кіреді.
Алайда, ата-аналар бұл статистикаға күмән келтірді.
Желі қолданушалары: «мектеп ұстаздары басшылық алдында үздік есеп беру үшін, жүйеге күн сайын кіруге мәжбүрлейді» - дейді.
Бұл өнімді соншама неге жарнамалап, насихаттап жатыр. Күн сайын бізді осы жүйеге кіруге мәжбүрлейді. Мұғалімдерде тіпті кім кіріп, крімегені туралы статистика да бар. Кейде олар ата-аналардың атынан өздері өтірік кіреді екен.
Алайда, ұстаздар мұндай мәжбүрлеуді жоққа шығарып отыр. Жүйеге кіру кірмеу әр ата-ананың еркінде деп сендірді.
Айнагүл СӘДУАҚАСОВА, АСТАНА ҚАЛАСЫ №71 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
- Бізде ата-аналарды мәжбүрлеп кіргізу деген жоқ. Әр ата-ананы баласының үлегірімі қызықтырады. Ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Иә, мұғалімдер ата-аналар үшін күнделікті толтырады деген сыбыс естігенімз рас. Бірақ, олай емес.
Ұстаздардың айтуынша, жүйеде ауытқулар әсіресе, тоқсан соңында жиілейді. Бұл уақытта жүйеге жүктеме көбейеді. Ал, авторлар электронды күнделікті жетілдіруді жоспарлап отыр. Онда оқушының мектепте келгенін бақылайтын функция пайда болмақ. Бұл жолы да қызметтер тегін болады деп уәде берді.