Тілдің толық өрістеуін шешу маңызды
Ш.Шаяхметов атындағы «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен 2019 жылдың 24 қазанында «Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі» атты Тіл форумы өтеді.
Өркениетті қоғамда тілдер алуан міндетті атқаратын болды. Соған орай оларды мемлекеттік, ресми, жұмыс, ғылым, тәрбие, әдеби, қарым-қатынас, ұлтаралық деп жіктеп жүрміз. Қазақ тілі Қазақстан Республикасының Конституциясы бойынша мемлекеттік тіл мәртебесіне ие. Қазақ тілінің Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесінің толық жүзеге асуы оның басқа да қызметтерімен байланысты болып тұр. Атап айтқанда, қазақ тілі елімізде басқару, жаратылыстану ғылымы, дипломатиялық қатынас, жалпы ресми институционалды коммуникацияда (мектепте, ауруханада, жол-көлік қатынасында, сотта, банкте, т.б. толып жатқан қоғамдық өмір саласында) жұмыс тіліне, сол сияқты барлық азаматтар тұтынатын ұлтаралық қатынас тіліне айналды ма деген сауал қойсақ, онда бәріміз күмілжіп қаламыз. Қазақ тілінің жұмыс тіліне айнала қоймағанын күнделікті көріп жүрміз. Ал мемлекеттік тілдің көпұлтты делінетін Қазақстанның этностары арасындағы қатынас тіліне де айналмағаны, еліміздегі диаспоралардың мемлекеттік тілді білмеуінен немесе қолдамауынан айқын аңғарылады. Яғни қоғамда мемлекеттік тілдің толық өрістеуін шешуде мәселе шаш етектен екені айқын. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа жолдауында баршамызға осы мәселені шешуді ұсынды. Оның: «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін» – дегені бұл мәселеге бәріміздің атсалысқандығымызды тілейді.
Осы мәселе төңірегінде қазақтың тілтанушы ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұргелді Уәли 2009 жылы ғылыми зерттеулер жүргізіп, қазақ тілінің Қазақстан территориясында әлдеқашан ұлтаралық қатынас тілі болғанын айтып көрсетеді. Ол өзінің «Қазақтың тамырластық институты мен толеранттылығы» атты сүбелі (2009ж. «Ана тілі газеті») еңбегінде қазақ жерінде қазақ тілі ешбір саяси күштеусіз әлдеқашан, сонау сталиндік зобалаңда, тіпті одан да бұрын орыс переселендері келген тарихи кезеңде-ақ ұлттар мен ұлыстардың арасындағы қарым-қатынас тіліне айналғанын мықты деректермен дәлелдеп көрсетеді. Эшелон-эшелон қып, қазақ даласына төгіп тастаған баспанасыз, жетім-жесір қалған қанша ұлтты, өзі қиын жағдайда отырса да, «тамырым» деп бауырына басқан қазақтың ерекше ұлттық сипаттағы толеранттылығына жауап ретінде осы ұлттардың қанша ұрпағы күні бүгінге дейін ешбір қыстаусыз қазақ тілінде сөйлеп келеді.
Тек «тың игеру» кезінде «қазақ жері Совет Республикасының жері, орыс тілі ортақ тіл» деген ұран шыққан кезеңде өзге диаспора ұрпағының қазақ тілінде сөйлеуге деген ынтасы төмендеп кеткені болмаса, қазақша сөйлейтін өзге ұлт өкілдері бүгін де аз емес. Президентіміз осы статусын күшейтуді, оған нормативтік база жасауды алға тартып отыр деп санаймын.
Осы тұрғыда әлеуметтік тілтанымдық зерттеулер бізге ауадай қажет-ақ. Мәселен, жуырда Анар Фазылжанның БАҚ-та «Мемлекеттік тіл туралы заң және этносаралық қатынас тілі» деген мақаласы шықты. Онда зерттеуші қазіргі этносаралық тілдердің анықтамаларын көрсетіп, Қазақстандағы қазақ тілінің этносаралық тіл болуын ерекше модель ретінде танытады: «Бір мемлекет территориясына тарихи себептермен көшірілген басқа ұлттардың мемлекетқұрушы ұлттың толеранттылығына жауап ретінде қалыптасқан ұлтаралық қарым-қатынас тілі».
Сөйтіп, мынадай қорытынды жасайды: қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне мәдени жолмен айналуы әлемдік тарихта преценті жоқ құбылыс. Бізде әзірше тарихтың өзі сыйға тартқан тіліміздің осындай биік мәртебесін бағалап, әрі қарай жетілдіруге зор ықылас болмай тұр. Сондықтан Президент өз жолдауында осы өзекті мәселеге ерекше назар аударды. Егер қазақ тілі барша Қазақстан халқын тұтастыратын фактор болатын болса, онда ол ең алдымен барлық қазақстандықтардың ортақ тіліне айналуы керек және бұл еш боямасыз шынайы құбылысқа айналғаны жөн. Бұл бір. Екіншіден, Президент жоғарыдағы ойын жалғастырып: «Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» – деді. Яғни, тіліміздің осындай дәрежеге жету үшін бәрімізге үлкен міндет артты, «жұмылу» деген нағыз міндет. Әсіресе бұған ең алдымен еліміздегі тіл саясатының уәкілетті органы Мәдениет және спорт министрлігі, тіліміздің бүгіні мен болашағын тәрбиелеп жатқан Білім және ғылым министрлігі, елдегі тұрақтылық пен баяндылықты қалыптастыруға жұмыс істейтін Ақпарат және қоғамдық келісім министрілгі сияқты үкімет орындары жұмылуы қажет. Сол себепті де аталған орталық атқарушы органдар Президенттің тапсырмасын орындау үшін бүгін және таяу болашақта атқаратын жұмыстарының жай есеп үшін емес, нәтиже беретін жоспарларын жасауы керек. Бұл елімізде дәстүрге айналған қалыпты жағдай. Яғни, Президент жолдауының әрбір тармағының орындалуы үкіметке міндеттеледі. Үкімет дегеніміз – салалық министрліктер. Ендеше, біз сол жоспардың негізгі бағыттарын айқындайтын міндеттерді көрсетуіміз тиіс.
Біріншіден, Мәдениет және спорт министрлігі өзгелерден талап ету үшін Үкімет жанындағы кезінде жақсы бастап, қазір аяқсыз қалған мемлекеттік тіл жөніндегі комиссияның жұмысын жандандыруы тиіс. Бұл комиссия кем дегенде тоқсанында бір жиналып, тіл мәселесін талқыласын.
Екіншіден, қазір ұшқыр заманда өмір сүріп отырмыз, сәл баяуласаң – кешігесің. Әлемде де, тіпті Қазақстанда да тіларалық елеулі үдерістер жүріп жатыр. Оның қозғаушы күштері ақпарат пен бизнес болып отыр. Мемлекеттік
тіл әлем түгілі Қазақстанның өзінде осы екі салада ұтылып қалып жатқанын күнде көреміз. Ақпарат пен бизнестегі мемлекеттік тілдің үлесі мардымсыз, сапасы жақсартуды қажет етеді. Егер осы екі салада елімізде мемлекеттік тілдің басымдығын қалыптастыра алмасақ, онда бүгінгіден де ойсырай ұтыламыз деген қауіп зор.
Үшіншіден, Мәдениет және спорт Министрлік қазіргі кезде ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қорытындылап, 2020-2025 жылдарға арналған бағдарламаны дайындап жатыр. Президенттің жоғарыда келтірген сөздерінен кейін бұл бағдарламаның жобасына елеулі өзгерістер қажет деп ойлаймыз. Тіпті қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға осы жаңа бағдарламаның тұтас бір бағытын арнау қажет.
Төртіншіден, біз латын әліпбиіне көшеміз деп жатырмыз. Бұл мәселеге байланысты Елбасы Жарлығы жарық шығарды, Үкімет ісшаралар жоспарын бекітті, Министрлік жұмыстар атқаруда, бәрі дұрыс. Бірақ біз мынаны ұмытпауымыз керек: латын әліпбиінің толық әрі сапалы енуі қазақстандықтардың мемлекеттік тілде сөйлеуіне, оқуына және жазуына тікелей байланысты. Егер қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде жұмыс тіліне, ұлтаралық қатынас тіліне айналмаса, онда латын әліпбиіне көшу де жоспарлағаннан мерзімінен ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Дәл қазір біз осындай тәуекелдің алдын алуымыз қажет.
Насихаттау бағытында Қоғамдық бірлестікпен еліміздің Атырау, Қарағанды, Ақмола, Алматы қалаларында семинар тренингтер өткіздік. Халықтың ықыласы, түсінуі өте жоғары. Әсіресе жастар, кәсіпкерлер ерекше құлшыныспен қазірдің өзінде жарнамаларын, нысан атауларын жаңа әліпбимен жазып жатқаны осының дәлелі. Бір-біріне хабарламаны да жаңа әліпби негізінде жазуда. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жаңа латын әліпбиін меңгертуге арналған ІТ-жобаларының негізінде қоғамның басым көбі жаңа әліпбиді өз беттерінше меңгеріп, білімдерін толықтырып жатыр. Қарағанды облысында Тіл оқу орталығында жаңа әліпби караокеге енгізілген, қазақ әндерінің мәтіні негізінде жаңа форматта үйретіп жатыр. Тіпті Ақмола облысында 1000-ға жуық жас жаңа әліпби негізінде эссе жазып, өз ойларын, пікірлерін білдірді. Мемлекеттік тілдің тұғыры биік болсын десеңіз, Тіл форумына келіңіз, ашық пікіріңізді білдіріңіз, ұсынысыңызды айтып, өз үлесіңізді қосыңыз!
Оразкүл Асанғазы
Қоғам қайраткері