Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу талабы қандай

Биыл ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 103 мыңнан астам адам жинады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрілігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасап.
«Биыл 154 мың талапкер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. ҰБТ қорытындысы бойынша шекті балды 103 мыңнан астам адам жинады, бұл – қатысушылардың жалпы санының 67 пайызы. Былтырғы нәтижемен салыстырғанда бұл көрсеткіш 7 пайызға жоғары. Биыл орташа балл 66-ны құрады», - делінген министрлік мәліметінде.
ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарына, кемінде 50 балмен басқа жоғары оқу орындарына түсе алады.
«Бұл ретте «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» білім беру салалары бойынша шекті балл кемінде 75-ті, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балды құрайды», - деп аталып өткен ведомство хабарламасында.
Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Конкурстық комиссияның отырысы 10 тамызға дейін өтеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 80 мыңға жуық талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында бакалавриатқа 73 мыңға жуық грант бөлінді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына бөлінетін гранттар саны көбейтілді.





