Жастар саясаты Қазақстандағы оқу бағдарламасына енгізілуі мүмкін
Мемлекеттік жастар саясатын еліміздегі жоғары оқу орындарының оқу бағдарламасына енгізу қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жастар» ғалыми-зерттеу орталығы» ЖШС директоры, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшесі Жанар Боқанова білдірді.
«Қазіргі кезде ғылыми-зерттеу орталығы мемлекеттік жастар саясаты бойынша оқу бағдарламасын әзірлеп жатыр, сосын ол Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында білім беру бағдарламасына енгізілетін болады. Оған тек аздаған уақыт керек. Сондай-ақ, біз мемлекеттік жастар саясаты мектебін ашуды жоспарлап отырмыз. Оны алдымен ҒЗО базасында сынақтан өткіземіз, содан кейін ЕҰУ өз базасында кафедра ретінде ашу мүмкіншілігін қарастырады», - деп түсіндірді ол.
Ж. Боқанованың айтуынша, жастармен жұмыс істеуге арнайы сынақтан өткен адамдар ғана жіберілуі қажет.
«Бүгінде шетелдік тәжірибеден көріп отырғанымыздай, жастармен жұмыс істеу тек сертификатталған құжаты бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Менің ойымша, бізде де бұл жұмыс тиісті арнасына бағытталып, ҒЗО дәл осы сала бойынша тыңғылықты еңбек етеді. Осының нәтижесінде келешекте жастармен олардың психологиясын жақсы білетін, педагогика, менеджмент және басқа да аса қажетті салаларды жетік меңгерген мамандар жұмыс істейтін болады», - дейді ол.
inform.kz