Беліңдегі белдігің – еркектіктің белгісі
Бірде қаладағы «Еуразия» базарының маңындағы жеміс-жидек сататын орыннан өтіп бара жатып, жас қазақ жігітінің беліндегі жаңалау белдігін көзбе-көз шешіп, өзбек шал-кемпірге ұсынып тұрғанын назарым шалып қалды.
Көзіме оғаштау көрінді. Әдейілеп жақындай түстім. Рең-басына қарасам, киімі әжептеуір. Қолында керемет болмаса да ортаңқол телефон. Ішіп кеткен бозбалаға ұқсамайды. Ұялғаннан жан-жағына қарап қояды.
– Мың теңгеге берем, үш мың теңгеге алғам. Әлі жаңа. Жетер жеріме жете алмағасын, сатайын деп тұрмын, ака, алыңызшы.
Кемпір-шал күбір-күбір етіседі. Алғылары келіп-ақ тұр. Бірақ саудагер емес пе, бес тиын болса да түсіруі керек. Әйтпесе іштері ауырады. Өзгенің киналысы басқаға пәруайпәлек.
– 500 теңге.
Жігіт мұндай сауданы күтпеген. Белі түсіп бара ма, ышқырын көтеріп-көтеріп қояды.
– Ака, Шолаққорған жаққа барамын. Мың теңгесіз жете алмаймын. Тек жолға жетсе болды. Артық сұрап тұрған жоқпын.
Шал көзін маған сығырайтып қарап, екі қолын белдіктен ажыратар емес. Осы алып қоя ма деп те секемденіп тұрған сияқты.
– 700…
Мен қайбір сау адаммын? Мына көрініске жаным шығып кетті. Қаным басыма шауып намыстанып:
– Мен 3 мыңға алам! – дедім төтесінен.
Сөйттім де белдікке қолымды создым. Қасындағы кемпірі келіп, белдікке жармасты.
– Е, алғашқы сауда біздікі, біз аламыз. Мәйлі, мың теңге болса, мың теңге…
– Жоқ, 3 мың теңге!
Мен де қасарыстым. Жігіт аң-таң. Ләм-мим демей, жалтақ-жалтақ қарайды. Мына саудаға өзі де түсінбей тұрғандай.
Әңгімені ары созғым келмеді. Кемпірдің қолындағы белдікті тартып алғандай, бұзықтық мінез көрсетіп, қолынан жұлып әкеттім.
Әкетпесем, мына қиын жағдайға түскен жас жігіттің бар ырыс, берекесі сол белдікпен бірге кетердей, жынданып кеттім.
Жігіт артымнан үнсіз ілесе берді. Балаларыммен жасты. Дыбыс жоқ. Соңымнан сүйретіліп келеді. Былайырақ шыға, оңашаланғаннан соң есімін сұрадым.
– Нұрсұлтан…
Егеменді ел болғаннан кейінгі дүниеге келген ұрпақ. Жаңа заманның келбеті. Ертеңгі үмітіміз. Белдігін сатқалы жүр.
– Қаладан жұмыс таппадым. Сонда дос балам шақырды. Бір стройкада қара жұмыс шығып тұр дегесін… Қаражатымның болмай қалғаны. Амалсыздан, жетіп алғанға дейін ғой…
Күбіжіктеп, бір жағы ұялып, қатты намыстанып та тұрғаны байқалып тұр.
Белдікті қолына бердім.
– Тағып ал…
Ол маған аңтарыла қарады. Ақшасыз қалам ба деп қорқып та тұрған сыңайлы.
Белдігін тағуға асықпады. Қыпылықтап тұрып қалды.
Өзі арық. Шалбары ұстамай тұр. Бір қолымен ышқырынан жоғары тартқылағансиды. Оны маған байқатқысы келмей, елеусіз істеген сияқты болады. Оны мен көз қиығынан байқап тұрмын.
Одан әрі өзім де шыдай алмай, уәде еткен 3 мыңды қолына ұстаттым.
– Жете ме?
– Әрине, әрине!
Ол маған бермекші болып, белдігін ұсына берді.
– Кәне, көзімше тағып ал.
Түсімді суытып алдым. Ол түсінбей, қипақтап қалды.
– Қане, тағып ал! Неғып тұрсың?
Белдігін созған қолын сәл сілкіп қалдым. Өзіне күш берейін дегенім.
Ол жалма-жан белдігін өткізе бастады.
– Енді басыңа қандай күн туса да, белдігіңе қол салушы болма. Қиналған сайын белдігіңді бекем бу. Белдігің сенің еркектігіңнің белгісі. Сол үшін де оны белдік деп атаған. Белдіксіз еркек қызбен тең…
Оның түрі лап етіп жанды. Намыстан жанары жарқылдап кетті. Ақшаны қайтармақшы болды ма, қалтасына қайтып қол сала берді.
Қол салғызбадым. Ұстап қалдым.
Түрімді тағы суытып:
– Түсіндің бе? – дедім.
– Түсіндім, көке!
– А, онда жолың болсын, бар, балам!
Жігіт тезірек алыстап, автобус аялдамасына қарай бұрылып кетті. Бұрылып бара жатып, маған тағы бір қарап алып, ризашылықпен қол көтеріп қоштасты.
Сосын айналама қарадым – қаншама қара көздеріміз белдіксіз жүр екен деп.
– Біреу… екеу… жетеу…
Көзімді жұмдым. Басқасын көргім де, санағым да келмеді.
Ұнжырғам түсіп бара жатты.
Бірақ бір жігіт болса да белдігінің көрінгеннің қолында кетпеуіне көмегімнің тигеніне масаттанып, жеңілденіп қалғанымды сезіндім…
Тұңғышбай ТӨРЕГЕЛДИЕВ.