«Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана»
Жиында Мемлекет басшысы «100 жаңа оқулық» жобасының жас ұрпаққа білім беру ісінде үлкен маңызға ие екенін айтты.
«Жастарымыз жоғары ғылыми стандарттарға сәйкес білім алуы тиіс. Сондықтан біз 800 кітаптан тұратын үздік оқулықтардың ауқымды тізімін әзірледік. Ұлттық аударма бюросы құрылып, жұмысына кірісті. Біз бүгін алғашқы 18 кітаптың таныстырылымына жиналып отырмыз», – деді Елбасы.
Елбасының тапсырмасы бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру мақсатында Ұлттық аударма бюросы құрылған болатын. Осы бюроның директоры Рауан Кенжеханұлының айтуынша, 1 жыл ішінде біршама жұмыс атқарылған, сондай-ақ ол жаңадан шыққан 18 оқулықты таныстырды.
Аударылған оқулықтар: Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы: Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Джон мен Патрик Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы, Антика философиясы» (4 томдық, І том) және «Батыс философиясының жаңа тарихы, Орта ғасыр» (4 томдық, ІІ том), Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері», Джорди Ритцердің «Әлеуметтану теориясы», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз: әлеуметтік психологияға кіріспе», Дуэйн П.Шульц пен Сидней Еллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Дэвид Майерстің «Әлеуметтік психология», Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіп-керлік: теория, процесс, практика», Рикки В.Гриффиннің «Менеджмент», Карен Армстронгтің «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Алан Барнардтің «Антропология тарихы мен теориясы», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция» атты оқулықтары.
Н.Назарбаев, ҚР Президенті: Қазақстандықтар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалаға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр, бағдарламалық мақаланың жекелеген бағыттары жер-жердерде жүзеге асырылуда. «Барлық өңір «Туған жер», «Киелі жерлердің географиясы» және «100 жаңа есім» жобаларына отандастарымыз белсенді атсалысып жатыр. Бір жыл ішінде меценаттар қаражаты есебінен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ондаған миллиард теңге бөлінді. 700-ден астам мәдениет ескерткіштері жөнделіп, қайта қалпына келтірілді. Жүздеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды».
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «100 жаңа оқулық» жобасының әлеуметтік-гуманитарлық сала үшін маңызды орасан. «Бүгінгі алғашқы зияткерлік транш АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция және Швейцария сияқты алдыңғы қатарлы елдердің ең үздік ғылыми еңбектерін қамтиды. Бұл кітаптармен танысуға мүмкіндік алған жастарымыз көп емес. Бұл – ауқымды энциклопедиялық ізденіс арқылы адамзат дамуының көкжиегіне жол ашатын кезең. Бүгінде зияткерлік даму үдерісінен туындаған тың серпіннің арқасында рухани революция бастау алып келеді» деді Президент.
Мұндай кешенді бағдарлама басқа мемлекеттерде сирек кездеседу. «Жаңа оқулықтар – эксклюзивті гуманитарлық кітапхана. Бұл оқулықтар көпшілік үшін кітап түрінде, электронды онлайн нұсқасында және үздік лекторлардың ашық дәрістерінің видеотекасы сияқты үш форматта қолжетімді болмақ. Кітаптар латын қарпінде басып шығарылғаннан кейін, оларды шетелде тұратын жастарымыз да оқи алатын болады» деді Н.Назарбаев.
Сонымен осы бағдарламаның арқасында Қазақстанда аударма ісінің жаңа мәдениеті қалыптасты.Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін жүзеге асуда. Сондықтан да өскелең ұрпақтың оны іске асыруға белсенді түрде атсалысқаны дұрыс. Елбасы үштілділік қағидатын сақтаудың маңыздылығына тоқталып, биыл бірнеше шетелдік оқулықты орыс тіліне де аудару мәселесін қарастыруды тапсырды.
Н.Назарбаев Қазақстан Үкіметі мен Ұлттық аударма бюросына біршама тапсырма берді. «Біріншіден, 2018 жылға жоспарланған 30 кітаптың әрі қарай сапалы аударылуын және басылып шығуын қамтамасыз ету керек. Қаржыландыру уақтылы әрі толық бөлінуге тиіс. Келесі жылы аударылады деп жоспарланған оқулықтар өз уақытында іріктеліп, талдаудан өткізілуі керек. Екіншіден, бұл оқулықтарды білім беру үдерісіне тиімді түрде енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы оқулықтар бойынша оқытылатын пәндер жаңа оқу жылының білім беру бағдарламаларына енгізілуі қажет. Үшіншіден, ғылыми тәжірибеде қолданылатын барлық терминдерді жүйелендіріп, гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырамын. Төртіншіден, оқулықтар кәдімгі кітаптар сияқты басылып шығуы керек. Сонымен қатар онлайн білім беру ісін дамыту қажет. Қазір дамыған елдерде виртуалды университеттер бар. «Қазақстанның ашық университеті» жан-жақты қолдау табуы керек. Ашық лекциялар видеотекаларының және солардың негізінде дайындалатын оқулықтардың сапасын қадағалауға ерекше назар аудару қажет. Бесіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы ғылыми аударма мектептерін дамыту ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан аударма саласында тәжірибенің, білімнің және кәсіби дағдының жүйелі дамуын қамтамасыз ету керек» деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы атап өткендей, жоба жұмысына еліміздегі іргелі оқу орындары, гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтарының мамандары тартылған. «Аударманы мейлінше сапалы шығару үшін жұмысқа тәжірибелі аудармашылар мен жоғары оқу орындарының ұстаздары шақырылған. Ғылыми редакция жасауға еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакцияға қарымды қаламгерлер, білікті редакторлар мен баспагерлер тартылды. Қазір бұл жұмысқа 200-ге тарта маман қатысуда. Сондай-ақ ғылыми аудармасы жолға қойылған елдердің тәжірибесі мұқият зерттелді. Іргелі аударма технологиясының бірі дүниежүзінің 181 мыңнан аса аудармашысы қолданатын арнайы тұғырнама ұсынылды» деді ол.
Егемендігімізге қол жеткізген алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңнің өзінде талантты да талапты жас буынды әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарына жіберіп, олардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасаған болатын. Бүгінде жастарымыздың шетелде оқып, тәжірибе жинақтауы қалыпты жолға қойылған.Өйткені Елбасы жастардың жоғары деңгейде білім алуын үнемі қадағалап отырады. Енді міне, Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жүзеге асырылып отыр. Елімізде ғылым мен білімді дамытып, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды мақсат етіп отырғанда қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың маңызы зор. Бұдан кейін де ана тіліміз кең қанат жайып, ғылмы, білім өркендей еретіні хақ. Айша Нұржанқызы