Зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – отандық оқу орындарының міндеті
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңартулардың логикалық жалғасы іспетті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – Қазақстан халқының қызу қолдауына ие болған маңызы ерекше жоба. Осынау стратегиялық маңызы зор бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде кешенді шараларды жүзеге асыру қолға алынды. Бұл туралы «ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері. профессор А.САТБЕКОВА, әңгімелеп берді.
Осыдан тура бір жыл бұрын Елбасы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы біздің қоғамға, ұлтқа және ұлттық рухқа үлкен серпіліс берді. Қазақ қоғамының алдағы уақыттағы дамуының бағытын анықтады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл бағытта тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетіп те берді. Бірінші – бәсекелік қабілет, екінші – прагматизм, үшінші – ұлттық бірегелікті сақтау, төртінші – білімнің салтанат құруы. Бесінші –Қазақстанның эволюциялық дамуы. Алтыншы – сананың ашықтығы!
Қазақ халқының рухани құндылықтарын дәріптеп насихаттау, оны түгендеп саралау, заман талабын ескере отырып дамытуға арналған келелі ойларды бүгінгі күні қазақ елі бойтұмар тұтынады. Ұлтын сүйген Елбасының бұл мақаласы санаға сілкініс сыйлап, ойға тағдыршешті қозғау салды.
Рухани жаңғыру дегеніміз, ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, мәдени дәстүрлерді берік сақтай отырып, оны жаңа заман жетістіктерімен, жалпыадамзаттық құндылықтармен байыту.
Университетімізде атқарылатын жұмыстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағытын қамтиды:
Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру;
Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық;
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы;
«Туған жер» бағдарламасы;
«Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы;
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы.
ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің тапсырмасына орай біздің университетімізде Жобалық кеңсе ашылды. Кеңсенің жауапты үйлестірушісі болып филология ғылымының докторы, профессор Тыныштық Ермекова тағайындалды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі – оқу үдерісі. Осыған орай қоғамдық сананы жаңғырту үдерісін табысты жүзеге асыру үшін университет мамандықтарына рухани жаңғыруға қатысты элективті пәндер енгізілді.
Атап айтсақ, барлық мамандық бойынша «Ұлы дала тарихы» кешенді пәнін әзірлеу жүзеге асырылды. Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінде «Ұлы дала тарихы» жаңа пәнінің жұмыс оқу бағдарламасы және типтік оқу бағдарламасы құрастырылып, оқу үдерісіне енгізілді. Сондай-ақ, География мамандықтарына – «Өлкетану», «Шоқан Уәлихановтың географиялық зерттеулері», Туризм мамандығына – «Туристік елтану», «Қазақстанның туристік орталықтарының географиясы», Филология, Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандықтарына – «Латын графикасы және қазақ жазуы», «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығына – «Искусство и литература Казахстана» пәндері енгізілді.
Бағдарламаның түйінді бағыттарының бірі – Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру болса, осыған орай «Латын орталығын» ашу ісі қолға алынды. Аталған орталық мектепке дейінгі балабақша тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдеріне, университет студенттеріне және басқа да жаңа әліпбиді үйренем деушілерге арнап оқу-әдістемелік кешен әзірлеуде. Алдағы жоспарымыз бойынша ағылшын, түрік, қытай тілдерін үйретін «Лингвоорталық» пен Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Педагогикалық-психологиялық түзету кабинетін» ашу жұмысы қолға алынатын болады.
Қоғамдық сананы жаңғыртуда «Саналы азамат» базалық бағыты бойынша қазақ тілі, әдебиет және тарих, т.б. пәндерден өткізілетін университетішілік, қалалық, республикалық дәстүрлі пәндік олимпиадалар жаңа форматтағы зияткерлік олимпиадаларға ұласады.
Бітіруші түлектерге рухани жаңғыруға қатысты дипломдық, магистрлік, докторлық диссертациялар тақырыптары берілді.
ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған «2018–2020 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға» өткізілетін конкурстан 4 жоба жеңімпаз болып танылды, оның екеуінің «Рухани жаңғыруға» тікелей қатысы бар: «Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиясы», «Жаһандану жағдайындағы БАҚ және оның қоғамдық сананы рухани жаңғыртуға ықпалы (лингвистикалық аспект). Осы жобалардың орындаушыларының 30 пайыздан астамы жас ғалымдар.
Университетте «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған халықаралық, республикалық, аймақтық, университетішілік конференциялар мен шеберлік сыныптар, «Дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылуда. Ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық сананың кемелденуіне ықпал еткен маңызды басқосулардың қатарында «Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері», «Мемлекеттік тілді оқытудың ұлттық моделі: әлемдік тәжірибе және заманауи әдістер», «Ғылым, білім және инновация – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеяларын жүзеге асыру негіздері», т.т. конференциялар, ғылыми семинар мен «Дөңгелек үстелдер» (Алаш идеясы» мен «Мәңгілік ел» идеясының сабақтастығы», «Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында мектепке дейінгі және бастауыш білімнің сабақтастығы», «Абай ілімі: рухани жаңғырудың ұлттық концепциясы», «Бояулар үні», «Латын әліпбиіне көшудің өзекті мәселелері», т.т.) сияқты шараларды атап өтуге болады.
Әлеуметтік-тәрбиелік бағытта да көптеген игілікті шаралар жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар да алдағы уақытта өз жалғасын табады. «Бір ел – бір кітап. Бір университет – бір кітап» акциясы аясында флешбук, үш тілде эссе байқауы (Алматы – город моей мечты), «Жырым сенсің, туған ел!» жас ақындар сайысы, экспедиция, саяхат (Қазақстанның қасиетті жерлері, Таңбалы тас, т.т.), «Ұлттық код – халық тектілігі мен рухани санасының негізі» трэйлер сайысы, «Қыз тәрбиесі – құндылықтың кілті» «Дөңгелек үстел», ««Туған жер – тұнған тарих» видеоролик және фотогалерея, «Заманауи мәдени ортадағы ұрпақ тәрбиесі» ТED-X алаң, жылжымалы концерттік қойылым («Ауылым – алтын бесігім!»), қалалық поэзия сағаты, әр түрлі тақырыпта брейн-ринг, фестиваль, чемпионаттар, кездесулер, шығармашылық жәрмеңке, апталық қайырымдылық акциясы, т.т. жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, университеттің бастамасымен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қолдауымен 2018 жылдың 26 сәуірінде Қазақстан жас-ғалым педагогтарының Бірінші слёті өтеді.
Алматы қаласы «Unіversіty 38» университеттер Альянсы аясындағы «Тіл мен әдебиет», «Lіngvo», «Өлкетанушылар», «Сарапшылар» клубтары аясында үйлестіреді.
Университет студенттері мен ғылыми-педагогикалық қызметкерлері республикалық, халықаралық олимпиада конкурстарынан жүлделі орын алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша республика көлемінде өтіп жатқан түрлі форумдарға қатысып, туған жері – кіші Отанының көркеюіне өз үлестерін қосуда.
Жастардың борышы – аса маңызды стратегиялық құжатта Елбасы қойған міндеттерді түсіну және зерделеу. Біздің еліміздің әлемнің ең дамыған елдерінің отыздығына табысты кіруі үшін, әрбір жас адам негізгі оқиғалардан, жаңа ағымдардан және технологиялық үрдістен хабардар болып отыру қажет.
Университет ректоры Гаухар Алдамбергенова «Жоғары оқу орындары білім мен ғылымды капитализациялаудағы басты локомотив» атты мақаласында «Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары» деп атап көрсеткен болатын.
А.САТБЕКОВА,
педагогика ғылымының докторы, профессор,
«ЖОО үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.