«Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясын қалай түсінесіз?
Зухра САЯПОВА, Мәжіліс депутаты:
– Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атауымен өтті. Түсіне білген адамға бұл сөздің мағынасы үлкен. Елімізде тұратын 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілі 20 жылдың ішінде достығы мен туыстығы жарасып, біртұтас елге, бір тағдырлы халыққа айналды. «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясының басты айтары – осы. Қазір еліміздегі барша халық бір ауаны жұтып, Қазақстанның кең-байтақ жерінде тату-тәтті тұрып жатыр. Еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ тілін меңгеріп, қазақтың салт-дәстүрін ұстанатыны баршылық. Мұның барлығы қазақ халқының өзге ұлтты сыртқа теппей, керісінше» бауырына басып, өзіндей көре білгенінің арқасы болса керек. Сондықтан біз қазір «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір тағдырлы елге айналып отырмыз. Қазір еліміздегі өзге ұлт өкілдері басқа елге кетіп, өздерін қазақ елінен бөліп қарау жайлы ойламайды да. Бұл – олардың бір елге айналғанының белгісі. Сондықтан «бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясы елімізде қалыптасқан осы бір татулықтың нағыз сипаттамасы деп білемін.
Шахисмаил АСИЕВ, «Ахыска» түрік мәдени орталығы төрағасының орынбасары:
– Жиырма жылдан бері Қазақстандағы 130-дан астам ұлттың өкілі бір шаңырақтың астында біртұтас елге айналып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, бүгінде қазақ халқының басына туған күн бізге де ортақ деп білемін. Сондықтан біз бір тағдырлы елміз деп те айта аламын. Шынын айту керек, осы жылдар ішінде Қазақстан өзін басқа елдерге экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан, халқының ауызбірлігі мықты ел ретінде көрсете білді. Біздің кешегі көрген күніміз бір болды, енді алдағы уақытта да бір тағдырлы елміз. Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері өздерін қазақ елінен бөліп қарай алмайды. Басқа елге кету олардың ойында да жоқ. Сондықтан «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясы еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің болашағы бір екенін көрсететін, бірлікке үндейтін идея деп ойлаймын.
Видади САЛАХОВ, Әзірбайжан мәдени орталығының төрағасы:
– «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» идеясы еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың ертеңгі болашағын бір болуға үндейтін, бірлікке шақыратын ұран деп білемін. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір шаңырақтың астында өмір сүрген соң бұлай болмасқа хақымыз да жоқ. Сондықтан келешекте халқымыздың ауызбірлігі артып, болашағы жарқын, іргелі елге айналуын тілеймін. Шын мәнінде, қазақ халқының құшағы кең, ниеті түзу. Сондықтан кез келген ұлттың баласы қазаққа өз баласындай сіңіп кете береді. Алдағы уақытта да еліміздің осы татулығына көз тимесе екен деймін.