Мерекеге жалпыхалықтық сипат беріп, қарапайым еңбеккер мейрамы ету үшін қандай үрдістер енгізу керек?
Әзімбай ҒАЛИ, саясаттанушы:
– Бұл күннің ежелден келе жатқан өзіндік тарихы бар. 1 Мамырдың таптық сипаты болғаны әуелден мәлім. Содан бері аумалы-төкпелі заман өтіп, саяси жүйелер жаңғырса да, қазіргі таңда Мамыр мерекесін әртүрлі мазмұнда әлемнің 66 мемлекеті тойлайды. Ресей империясында 1890 жылдан бастап 1 Мамыр мерекесі аталып келеді. Алайда 1897 жылы бұл мейрамды тойлаудың арты таптық сипат алып, бұқаралық бас көтеруге ұласты. Содан бергідегі кеңестік идеологияның тегеуріні сондай, дәулетті адам жұмысшы таптың алдында қуыстанып жүретін. Әлеуметтік жауапкершіліктің жүгі басым болатын. Міне, бізге де осы мерекені пайдалана отырып ресми түрде арнайы шаралар қабылдаған жөн. Меніңше, осы мереке барысында еліміздегі жұмысшылардың еңбек құқығы ескеріліп, көктемде жаңаша жұмыс шарттары жасалып, билік пен бұқара арасындағы байланыс тереңдей түсуі қажет...
Сиязбек МҰҚАШЕВ, Тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының президенті:
– Мамыр мерекесін біз «Бірлік-Татулық-Еңбек» мейрамы ретінде атап өтеміз. Мұның өзінде үлкен маңыз бар. Бұл үш ұғымның басын біріктіріп, «келешекте бірлігі жарасқан, ынтымағы мығым, еңбекқор ел болсақ» деген арман барлығымызда да бар. Ал бұл арман болашақта мерекені жалпыхалықтық сипатқа айналдыра алатынына сенім мол. Жалпы мерекені халықтық сипатқа айналдыру үшін бүгінгі жастардың белсенділігін арттыру қажет. Көкірегі ояу, көзі ашық жастардың легі артатын болса, әрбір шаруаның атқарылатыны даусыз. 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Міне, осы жауапкершілікті әрбір қазақстандық жете сезінгенде мерекенің маңызы да артпақ...