Өзге емес, өзіміз деп білеміз
«Менен ұлтымды сұраған кезде «әкем – орыс, анам – корей, ал өзім – қазақпын!» деп жауап беремін және менің жеңістерім осы ел үшін!» Бұл – бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкиннің қазақ еліне деген құрметі, жүрекжарды сөзі. XX ғасырдың басында жаппай қуғын-сүргін етек алған зұлмат жылдарда тағдырдың тәлкегімен елімізге келген талай ұлт бүгінде қазақ жерін өз елім деп таниды. Тіпті ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақ тілін өз ана тіліндей көріп, ұлттық салт- дәстүрлерімізді ұстанып жүргендері де аз емес. «Бұл, ең алдымен, сонау жылдары талай ұлыстың ұрпағына пана болып қана қоймай, өз баласындай бауырына тарта білген қазақ халқының кеңпейіл мінезінің арқасы» дейді бүгінде түрі басқа болғанымен, тілегі бір ұлттар.
Өзекке теппей, өз бауырына тарта білгендіктен де шығар, бүгінде қазақ халқына қазақтың өзіндей жаны ашитын тұлғаларымыздың қалыптасуы. Қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген Герольд Бельгер ағамыз, қазақ тілінің үстемдігі үшін жанын беруге бар Асылы Осман апамыз, қазақ туын ірі додаларда биіктен желбіретіп жүрген Геннадий Головкин, Ислам Байрамуковтай тұлғаларымыз – осының дәлелі. Тіпті олардың шұрайлы ана тілімізде еркін сөйлеп, қазақ мүддесі үшін қызылкеңірдек болып пікір таластыруы ел мерейі екені даусыз.
Отарлау саясатымен елімізге қоныс аударған орыс-татарларды айтпағанда, бертіндегі сталиндік кезең мен тың игеру жылдары келген шешен-ингуш, қарашай-балқар, корейлердің өздері елімізде ұрпақ алмасудың төрт-бес буынын өткерді. Халқымыз оларды жат санамай, бауырына тартты, олар құнарлы топыраққа түскен дәндей жайқала көктеді, тамырын тереңге салды. Осы үшін олардың да қазақ еліне деген алғысы шексіз. Жақында Қазақстан корейлері қауымдастығының бастамасымен Орал өңірінен бой көтерген «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі – осының дәлелі. Еліміздің өркендеуіне сөзімен ғана емес, ісімен де үлес қосып жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік.
Наталья ТЕГАЙ, Корей мәдени орталығының жетекшісі:
– Қазақтың кеңпейілдігі болмаса, біздің болашағымыздың қалай қалыптасуы белгісіз еді. Айналып келгенде, қазақ халқының өз баласындай бауырына тартуы біздің де Қазақстанға риясыз көңілімізбен сіңісуімізге әсер етті. Осынау қазақ жеріне, қазақ еліне қызмет ету баршамыздың міндетіміз болары анық. Тағдырдың жазуымен корейлердің қазақ жеріне депортацияланғанына 75 жыл толды. Жұртымыздың қазақ еліне сіңіскені соншалық, қазақтардың озық деген тұрмыс-салты біздің де күнделікті тұрмыс- салтымызға айналып барады. Мәселен, бүгінде Қызылорда өңіріндегі талай кәріс қазақ тілінде таза сөйлеп қана қоймай, құрметті адамына жылқы етін тартып, қазақтың қымызы мен шұбатын дастарқанына қоюды әдетке айналдырып отыр. Мұның барлығы – Қазақстандағы ұлттар арасындағы татулыққа үндейтін саясаттың дұрыс жолға қойылғанының арқасы.
Ахмет АЛЯЗ, «Қазақстан-ZAMAN» халықаралық газетінің бас директоры:
– Өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақ халқының ұлттық құндылықтарын ұлықтап, тіпті күнделікті тұрмыс салтында қолданып жүрген өзге ұлт өкілдері жетерлік. Мәселен, менің туыстарымның арасында балаларын қазақтың бесігіне жатқызып өсіріп жатқандары бар. Қазақ тілін ана тіліндей меңгергендері де жетерлік. Мұның барлығын олар қазақ халқын үлгі тұтып, өзіндей сезінгендіктен жасап отыр. Мен де қазір қазақтілді газетті басқарып отырмын. Газетім арқылы қазақтың мүддесін бірінші орынға қойып, қазақ мәселесін көтеріп жүрмін. Қазақстанда туып, қазақ жерін басып жүргеннен кейін, қазақтардың жақсылығын күнделікті көріп жүргендіктен қазақ халқына деген алғысым ретінде осындай қадамға барып отырмын. Мен қазақтай кеңпейіл жұрттың алдындағы парызымды мұнымен өтей алмайтынымды да білемін.