Сарбаздың сүйегін Семейге әкелді
Семейдегі өлкетану мұражайына құнды жәдігерлер тапсырылды. 67 жыл бойы қазақ солдаты Түсіпжан Төлеубаевтың сүйегімен Ресейдің Орел қаласының маңындағы ұрыс даласында жатқан каска, сапер күрегі, белдік, медальон сияқты заттар енді Тәуелсіз қазақ жерінің жас ұрпағын ерлік пен елдікке шақыратын болады.
Осыдан екі жыл бұрын, Жеңіс мейрамының 65 жылдығы дүрілдеп өткен шақта Төлеубаевтар отбасына Ресейден хабар жетті. 1942 жылы майданға аттанып, кейін хабарсыз кеткендер тізімінде болған аталары жайында дерек пайда болғанын ести сала немерелері алып-ұшып сол жаққа аттанды. Өйтпегенде ше, Орел қаласын жаудан азат ету барысында қаза тапқан қазақ батырының ұлы Бейсенбек пен қызы Майра әкелерін іздеп талай жерге хат жазғанмен, сол күйі еш дерек ала алмай дүниеден өтіпті. Енді әке арманы мен ата мұратын арқалау немересі Ерболатқа жүктелгендей болды. Ресейдің Орел облысы Кромской ауданының әкімшілігі ресми митингі жасап, қазақ батырын еске алу шарасын өткізді. Іздеу тобының мүшелері қаладан 40 шақырымда жатқан алқапты шарлап жүріп, жерге сұққан құралдарының темірге тақ ете қалғанын айтыпты. Екі метрдей тереңдікті қазу барысында белгісіз жауынгердің сүйегі, соғыс құралдары қоса шығады. Әрбір солдаттың гимнастеркасында жүретін медальонды ашып оқығанда аты-жөні, туған жылы, туған жері – бәрі ап-анық қаламмен толтырылғанын көреді. Иә, бұл Түсіпжан Төлеубаев еді. Бабаларының сүйегін туған елге, Семей қаласының іргесіндегі Бөкенші ауылына әкеліп арулап қояды... Туған ағасы туралы «Ол кісі тумысынан ақкөңіл, елгезек адам еді. Арнайы оқымаса да, тоқығаны көп еді. Сондықтан болар, көрші колхоздар есеп жасайтын кезде Түсіпжанды іздеп жүріп алып кетеді екен. Өзі ақынжанды, майданнан жазған хаттары да шумақтармен жолданатын», – деп еске алады Күлпаш апа.
«Қимастық бар, көз ғой, дегенмен өміріміздің көбінен азы қалды, темірді үйге сақтап қойғаннан халық көрсін, жастарға өнеге болсын деп музейге беріп отырмыз. Қазақстан халқына аманшылық тілеймін, дендеріне саулық, тек қана жақсылық, ана мен бала ешуақытта жыламасын! Отанымыз аман болсын!», – деп аяқтады әңгімесін көңілі толқулы Күлпаш Төлеубайқызы.