Сұрапыл соғыс кезіндегі сұсты спорт
Ұлы Отан соғысы жылдары халықаралық додалар өтпей, спорт саласы солғын тартып қалғанымен, спортқа тыйым салынбаған. Бірақ басқыншылар басып алған елдерде спортпен айналысуға, спорттық жарыстар (сайыстар) өткізуге жол берілмеген.
Десек те, спорт өмірден шеттетілгенімен, бұрынғы спортшылар өздерінің спорттық баптарын жоғалтпас үшін жаттығу жұмыстарын жасырын түрде жүргізе берген. Жалпы, сұрапыл соғыс жылдары бокс жай ғана спорт емес, бизнес көзіне де айналған. Өйткені көйлегі көк, қарны тоқ командирлерге де қызық керек. Олар рингіде айқасқан боксшылардың төбелесін көріп, қызыққа батқан. Ал мұндай айқастардың бәрі коммерциялық негізде ұйымдастырылған. Соғыс жылдары осындай бокшылар айқасы Украинада жиі өткізілген. Одесса циркінде боксшылар төбелесі жиі ұйымдастырылып, көрермендер көп болған. Сол кезде тіпті «Одесса газеті» бокстың қарқынды түрде дамып келе жатқанын жазған да екен. Тарихи деректерге сүйенсек, Румыния жетекшілері бокс арқылы көп ақша табуға болатындығын біліп, бірнеше команда да құрған. Осындай клубтардың қатарына соққылары қуатты боксшылар алынып, оларға жан-жақты жағдай жасалған көрінеді. Оларға тіпті сол кездегі бағаммен көп-көрім ақша төленіп отырған да.
Сол кезден қалған деректерге сүйенсек, соғыс кезіндегі ең бірінші халықаралық жекпе-жек 1943 жылы 9 желтоқсан күні Одессада өтіпті. Содан 1944 жылдың көктеміне дейін мұндай жекпе-жектердің саны 16-ға жеткен. Онда негізінен Украина боксшылары мен басқыншылардың өкілдері төбелестірілген. Бұл жекпе-жектер көбінесе Украина боксшыларының жеңісімен аяқталып отырған. Өйткені олар рингіде спорттық қарсыласымен емес, ата жауымен төбелескендей, аянбай айқасқан.
Бокс концлагерьлерде де жоғары шенді офицерлердің қызығына айналған. Олар тұтқындарды рингіде айқастырып, солардың төбелестерін тамашалаған. Польша боксшысы Зигмунт Малецкий өзінің естеліктерінде: «Біз рингте аяусыз, күшіміз сарқылғанша төбелесетінбіз. Немістер қалай болса солай төбелесуге жол бермейтін. Дұрыстап төбелеспегендерді итке талатқандарын өз көзіммен көрдім. Ал рингіге шығудан бас тартқандар газды камераға қамалатын», – деп жазыпты. Оның бұл сөздерін ғаламтордан тауып алуға болады.
Алайда сол кезде концлагерьлерде бұқаралық өмірдің нышаны ретінде спорттық додалар өткізіп тұруға рұқсат етілген де екен. Тіпті кейбір концлагерьлер Қызыл Крест өкілдері келгенде бокстан көрсетілімдік жекпе-жек өткізіп, өздерінде бәрі ойдағыдай деп насихаттауға тырысқан да көрінеді.
Тұтқындардың өздері, ыңғайы келсе, бокс пен күрестен кездесулер өткізіп, футбол ойнауды доғармаған. Футболшыларға қолы ұзын, мүмкіндіктері бар тұтқындардың тамақ беріп, қарайласқаны жөнінде де әртүрлі деректер баршылық.
Футбол демекші, соғыс кезіндегі футбол туралы сөз қозғағанда, 1942 жылғы «Өлім матчын» айтпай кету мүмкін емес. Киевтегі нан пісіретін зауытта «Старт» деген команда құрылады. Оның сапында Киевтің «Динамосының» бірнеше ойыншысы болған. Осы команда қарсыластарының бәрін қоғадай жапыра бастайды. Венгрия мен Германияның әртүрлі әскери бөлімдерінің командаларын ірі есеппен ұтып, қарсылас шақ келтірмейді. 1942 жылы 6 тамыз күні осы ұжым мен немістің әуе әскерінің сардарлары мен сарбаздарынан құрылған командасы кездеседі. Украина футболшылары 5:1 есебімен ойсырата ұтады. Үш күннен кейін немістер құрамын кәсіби футболшылармен күшейтіп, қарымта матч өткізуге шақырады.
Немістер бұл ойынды «Динамо» (Киев) мен «Люфтваффе» арасындағы матч деп атағанымен, жасыл алаңда «Старт» пен «Флакельф» кездескен. Бірақ «Старттың» сапында «Динамо» (Киев) клубының алты-жеті ойыншысы болған. Олардың үшеуі КСРО чемпионатында динамолықтардың негізгі құрамында ойнап жүрген өте тәжірибелі футболшылар болатын.
Қарымта матчта да Украина футболшылары қарсыластарын тықсыра бастайды. Стадионда отырған Германия әскерінің генералы (мүмкін генералдары) ашуға булығып, айқайға басады. Бірінші таймнан кейін немістер Украина футболшыларына «жеңіліңдер, әйтпесе өлесіңдер» деп мәселені төтесінен қояды. Бірақ Киев футболшылары олардан қаймықпай, 5:3 есебімен жеңіп тынады.
Бала кезімізде «осы матчтан соң, немістер 11 ойыншыны атып тастапты» деп еститінбіз. Бірақ басқыншылар олардың бәрін атып тастамаған. Көбін концлагерьге айдап, қайсыбіреулерін атып тастаған сияқты.
Жалпы, осы матч аяқталғаннан кейінгі тұжырымдар әртүрлі. Анық білмеген соң, олардың ешқайсысын тізіп шыққымыз келмейді.
Бір қызығы, осы матчтардың бәрінде Эрвин деген обер-лейтенант төреші болған. Әрі «ол футболдың шырқын бұзбай, әділ қазы болған» деп жазылған көп жерде.
Міне, сұрапыл соғыс кезінде де спорт өмірден із-түзсіз жоғалып кетпеген...