2018 жылғы ұлттық құрама сапына кіретін боксшылардың есімдері аталды
Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер штабы ұлттық құраманың жаңадан жасақталған тізіміне енетін боксшылардың есімдерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
2018 жылы біздің боксшыларды көптеген халықаралық турнирлер күтіп тұр. Оның ең бастысы Индонезияда өтетін Азия ойындары болмақ, деп мәлім етті Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі.
Ұлттық құрама сапына олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов,
2017 жылдың әлем чемпионы Қайрат Ералиев, әлем және Азия чемпионы Жәнібек Әлімханұлы,
Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов,
Олимпиаданың күміс жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левит,
Азия чемпионы Берік Әбдірахманов және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин кірді.
«Команданы әлем және Қазақстан чемпионаттарының нәтижелері арқылы жасақтадық. Алайда бұл тізімде тұрғанның барлығы Азия ойындарына барады деген сөз емес. Жігіттерді мықты дайындықтан өткізу үшін әлі де тексеру, шыңдау турнирлері өтеді. Халықаралық рингте өзін-өзі көрсете алған және медаль алуға бар күшін салатындар ғана Азия ойындарына барады», - деді Мырзағали Айтжанов.
М Айтжанов сонымен қатар, команда сапындағы боксшылардың жастарына байланысты да өз пікірін білдірді.
«Өзінің рингтегі мықтылығын көрсете білген боксшыны біз ардагер деп айта алмас едік. Жасы келген спортшылар дем алады. Ал біздің жігіттер рингте әлі атой салып жүр. Оның үстіне AIBA боксшыларға 40 жасқа дейін өнер өнер көрсетуге рұқсат береді», - деді бас жаттықтырушы.