Антон Пинчук APB жобасында екінші жеңісіне жетті (ВИДЕО)
Қазақстандық былғары қолғап шебері Антон Пинчук Халықаралық әуесқой бокс федерациясы (AIBA) биыл тұңғыш рет ұйымдастырып отырған AIBA Pro Boxing (APB) жобасында екінші жеңісіне жетті, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
91 келіге дейінгі салмақта сынға түскен боксшымыз жаңа жобаның екінші кезеңінде неміс боксшысы Эмир Ахматовичпен кездесті. Италияның бас шаһары Рим қаласында өткен бұл жекпе-жекті неміс боксшысы алғашқы екі раундта Антоннан айласын асырып, жеңіп тұрған еді. Алайда, қалған төрт раундта басымдықты толық өз қолына алған отандасымыз 3:0 (60:54, 58:56, 58:56) есебімен жеңіске жетті.
Енді AIBA Pro Boxing жобасының үшінші айналымында Антон Пинчук хорватиялық Марко Каличпен қолғап түйістіреді.
91 келіге дейінгі салмақтағы өзге жұптардың нәтижесі:
Марко Калич (Хорватия) – Ямил Перальта (Аргентина) 3:0 (58:56, 59:55, 58:56)
Роман Головоченко (Украина) – Шуайб Болодинатс (Алжир) 0:1 (57:57, 55:59, 57:57)
Клементе Руссо (Италия) – Алексей Егоров (Ресей) 0:2 (56:58, 56:58, 57:57)
Айта кетейік, бұл жобада 60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан намысын қорғаған Берік Әбдірахманов та AIBA Pro Boxing аясындағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Елордамыз Астана қаласында өткен жекпе-жекте Берік филиппиндік Чарли Суарезді 3:0 (58:56, 59:55, 58:56.) есебімен жеңді.
Ал жаңа жоба аясындағы Қазақстан намысын қорғайтын тағы екі боксшымыз өздерінің кезекті кездесулерін осы аптаның аяғында өткізеді. Тарқатып айтсақ, 49 келіге дейінгі салмақтағы былғары қолғап шеберіміз Біржан Жақыпов 29 қараша күні Қытайдың Фошань қаласында бразилиялық Валерио Лоуренсимен кездессе, 56 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайтын Ілияс Сүлейменов 28 қараша күні Ресейдің Новосібір қаласында алжирлік Мохаммед Флиссимен қолғап түйістіреді.
Негізі, аталмыш жобада Қазақстан намысын Әділбек Ниязымбетов те қорғау керек еді. Өкінішке қарай, 81 келі салмақта өнер көрсететін боксшымыз жарақатына байланысты жобаны жалғастырудан бас тартты.
AIBA Pro Boxing (APB) – АІВА-ның олимпиадалық бокс және WSB жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. АРВ-ның бірінші маусымына қатысатын былғары қолғап шеберлері қомақты қаржы тауып қана қоймай, алғашқы екі орынға ие болған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады.
APB-ның алғашқы маусымы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 24 қазанда өтсе, екінші кезең 21 қарашада өтті. Үшіншісі 20 желтоқсанда болады. Ал финалдық жекпе-жектер 2015 жылдың 30 қаңтарына белгіленген. Жаңа жобаның алғашқы үш айналымында боксшылар алты раунд жұдырықтасса, финалдық кездесуде сегіз раунд айқасады.