Біржан бірінші жекпе-жегінде жеңілді
Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы (AIBA) биыл тұңғыш рет ұйымдастырып отырған AIBA Pro Boxing жобасының бірінші айналымы аяқталды. Жаңа жобаның бірінші айналымына нүктені ең жеңіл салмақтағы боксшылар қойды, - деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
Ең жеңіл (49 келі) салмақтағы боксшылардың жекпе-жегі Қытайдың Фошань қаласында өтіп, бұл салмақта Қазақстан намысын Біржан Жақыпов қорғады. Былтыр ғана әлем чемпионы атанған Біржанның бұл бәсекедегі бірінші қарысыласы қытайлық боксшы Лу Бинь болды.
Негізі Біржан үшін қытайлық боксшылар өте ыңғайсыз қарсылас екені белгілі. Бұған дейін Жақыпов қытайлық Цзоу Шиминьмен бес мәрте кездесіп, бесеуінде де «аспан асты» елі спортшысы жеңіске жеткен еді. Бұл жолы да Біржан қытайлық боксшыға азуын батыра алмады.
Алты раундтық жекпе-жектің қорытындысы бойынша бұл жолы да Біржан жеңіліп қалды. Қорытынды есеп - 3:0 (58:56,58:56,58:56).
Осы салмақтағы өзге кездесулердің нәтижесі:
Давид Айрапетян (Ресей) – Карлос Пилатакси (Эквадор) - 0:3
Леандро Бланк (Аргентина) – Марк Баррига (Филиппин) - 0:3
Жонглин Ву (Қытай) – Патрик Чагас (Бразилия) - 2:1
Айта кетейік, AIBA Pro Boxing – АІВА-ның олимпиадалық бокс және WSB жобасынан кейін қолға алған үшінші жобасы. АРВ-ның бірінші маусымына қатысатын былғары қолғап шеберлері қомақты қаржы тауып қана қоймай, алғашқы екі орынға ие болған спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады.
APB-ның алғашқы маусымы төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 24 қазанда басталса, екінші кезең 21 қарашада өтеді. Үшінші 20 желтоқсанда өтсе, финалдық жекпе-жектер 2015 жылдың 30 қаңтарына белгіленген. Жаңа жобаның алғашқы үш айналымында боксшылар алты раунд жұдырықтасса, финалық кездесуде сегіз раунд айқасады.
Бұл жобада біздің бес боксшымыз қатысуға ниет білдірген еді. Алайда, бірінші айналымның қорытындысы бойынша Біржан Жақыпов пен Әділбек Ниязымбетов жобадан тыс қалды. Ал Ілияс Сүлейменов, Берік Әбдірахманов және Антон Пинчук екінші айналымға өтіп, финалдық кездесудің жолдамасына таласуға мүмкіндік алды.