Боксшыларымыз Өзбекстаннан олжалы оралды
Өзбекстанның Әндіжан қаласында бокстан дәстүрлі «Golden Valley» халықаралық турнирі аяқталды, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Әндіжан қаласындағы Олимпиадалық резеврті даярлау колледжінде өткен бұл бәсекеде Қырғыстан, Өзбекстан және Қазақстанның былғары қолғап шеберлесі шаршы алаңда шеберлік байқасып, жүлдені сарапқа салған. Турнирдің қорытындысы бойынша қазақ боксшылары бір алтын, бір күміс және жеті қола жүлде олжалап қайтты.
Өзбек боксының талай саңлақтарын даярлап шығарған шаһарда ауыр салмақта (91 келі) өнер көрсететін Нұрлан Нұрсейітов пен 75 келідегі Алмасбек Орынғалиев финалға дейін жетті. Ақтық айқаста Алмасбек өзбекстандық қарсыласына шамасы жетпей күміс жүлдені олжаласа, Нұрлан өзбек боксшысы Рустамжон Исмойловтан айласын асырып, алтын медальді жеңіп алды.
Ал, Мейрамбек Мәжитов (52 келі), Дастан Әшірәлі (56 келі), Нұрғазы Жүсіпов (56 келі), Әбдіхалил Балтиев (60 келі), Жалғасбек Жүсіпов (64 келі), Абай Төлеш (75 келі) және Асқар Дүйсалы (91 келі) сынды боксшыларымыз «Golden Valley» халықаралық турнирінің қола жүлдегерлері атанды.