Екі қызымыз бокстан әлем чемпионы атанды
Бүгін Тайпэйде бокстан бойжеткендер мен қыздар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Финалға шыққан бес қызымыздың екеуі жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды "Алаш айнасы".
Бойжеткендер арасында, яғни жастар санатында, 54 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған 18 жастағы Балауса Мұздыман саф алтынға қол жеткізді. Алматы облысының аруы финалда Еуропа чемпионы, Италия аруы Кончетта Марчезеден басым түсті. Есеп – 2:1.
Өкінішке қарай, бойжеткендер мен қыздар арасындағы Қазақстан құрамасының капитаны Баян Ақбаева (69 келі) ресейлік Дарья Семашкоға есе жіберіп алды (0:3 есебімен).
Жас қыздар арасында, яғни жасөспірімдер санатында Қостанайдағы Қарабалық спорт мектебінің 14 жастағы түлегі Надежда Рябецтің бағы жанды. 66 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған қызымыз финалда Америка чемпионы, All Girls Boxing Championships турнирінің жеңімпазы Кайли Холлды қапы қалдырды. Есеп – 30:27, 28:29, 30:27.
Ал Ләйлә Құсайынова (63 келі) Қытай қызы Лисан Юден ұтылып қалса (0:3), Дина Исламбекова (+80 келі) ресейлік Елена Литвиноваға төтеп бере алмай, төрешілер шешімімен техникалық нокаут тіркелді.
Сөйтіп, Қазақстан қыздары Тайпэйде өткен бойжеткендер мен қыздар арасындағы әлем чемпионатында 12 жүлде олжалады.
Жас қыздар (жасөспірімдер):
Алтын – Надежда Рябец (66 келі);
Күміс – Ләйлә Құсайынова (63 келі), Дина Исламбекова (+80 келі);
Қола – Жазира Орақбаева (46 келі), Владислава Кухта (57 келі), Елена Шерункова (70 келі), Гюзаль Садықова (75 келі).
Бойжеткендер (жастар):
Алтын – Балауса Мұздыман (54 келі),
Күміс – Баян Ақбаева (69 келі),
Қола – Назым Ишанова (60 келі), Алтын Мұқышбекова (81 келі), Жәнель Жұмасова (+81 келі).