Ғани Жайлауов: Спортшы үшін салмақ қуудан асқан машақат жоқ
Ғани Жайлауовтың есімі бокссүйер қауымға етене таныс. Әлем және Азия чемпионатының қола жүлдегері. Лондон олимпиадасынан кейін ол ұлттық құрама сапынан көрінбей кетті. 2012-2014 жылдары ел чемпионатында сынға түскенімен, бір рет күміс, қалған екеуінде қоланы қанағат тұтты. Содан болар, 60 келідегі Жайлауовтың орнын Әбдірахманов алмастырғаны. «Астана арландарының» сапында бір жекпе-жек өткізіп жеңіскені жеткені тағы бар. Алайда кейін арландар қатыранынан тараздық боксшы тағы да көрінбеді, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Дүйсенбіде Астанада аяқталған ҚР Бокс федерациясы кубогында Тараз құрамасы жеңімпаз атанды. Жамбыл облысы құрамасы қатарында Ғани да өнер көрсеткен болатын. Жеңісті сәттен кейін Ғанимен тілдесудің сәті түсті.
– Салмақ ауыстыру оңайға соқпаған сыңайлы. Ел чемпионатындағы жартылай финал мен ҚР кубогының финалында ұтылып қалдыңыз. Тәжірибе жетіспеді ме әлде жаңа салмақтағы қарсыластар биік болды ма?
– Бұған дейін 60 келіде өнер көрсеткенімді білесіздер. Чемпионатқа қарсаңында салмақ ауыстыруды жөн деп шешкен едім. Екі салмақта айырмашылық өте үлкен. Тәжірибе бар болғанымен, жоғары салмақта соққы жұмсау, соққы алудың өз қиындығы бар. Содан болар, екі турнирде де алтынға қол созымда тұрғанда есе кетті. Бірінші кезекте физикалық тұрғыда қарсыласқа жол беріп қойғандаймын. Алда осындай кемшіліктермен жұмыс істейтін боламын. Ұлттық құраманың біріккен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Сол кезде жаңа салмақта кемшілікті түзеп, тәжірибені жетілдіріп, жұмыс істеймін.
– Жаңа салмаққа ауысқалы салмақ қуу мәселесі біршама жеңілдеген болар...
– Бұрын 6-7 келіге дейін салмақ қуып, біршама күш кетіретін маған қазір бұл жұмыс әрі кеткенде 2-3 келіден аспайды. Жалпы, спортшы үшін салмақ қуудан асқан машақат жоқ. Жаттығу жұмыстары бір бөлек, оған қосымша салмақ түсіру үшін тер төгу біраз энергияны алып қояды. Сондықтан, үнемі бабымда болып, бабымды сақтауды жөн көремін. 6-7 келі салмақ кетірудің қалай боларын ойша елестете беріңіз. Сондықтан, ойлана келе, бапкерлермен келісіп, 64 келіде бақ сынауды жөн деп шешкен болатынмын. Жаңа салмақтың жөні бөлек, бұйырса келесі сындарда есе жібермеймін деп ойлаймын.
– Ел чемпионы Самат Бәшенов ең басты қарсыласыңыз ғой?
– 60 пен 64 келіде мықты боксшылар көп. Бұрын өнер көрсеткен 60 келіде Берікке тең келер ешкім болмай тұр. Мен оған 2012 жылы ел чемпионатының финалында ұтылып қалған болатынмын. Кейін ол Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдесін алды. Бір сөзбен айтқанда мықты боксшы. Одан да басқа жігіттер баршылық. Ал 64 келіде Самат Бәшенов, Асхат Уәлиханов, Алмасбек Әлібеков, Айдар Әмірзақов сынды қарымды боксшылар бар. Осы боксшылар менің ең басты қарсыластарым болып қала бермек.
– Алда халықаралық турнирлерде ел намысын қорғайтын боксшылар арасынан сені көре аламыз ба?
– Таразда өткен ел біріншілігінен кейін бас бапкер ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақырды. Дайындығымызды пысықтаған соң халықаралық турнирлерде сынға түсетін боламыз. Оның барлығы жаңа жылдан кейін белгілі болар. Ең бастысы қолда бар мүмкіндікті оңтайлы пайдалану керек.