Головкин киіп шыққан шапанның үш нұсқасы болған
Геннадий Головкиннің британдық боксшы Мартин Мюррейге қарсы жекпе-жекке киіп шыққан шапанды Бағдат Айнақұлова деген әрлеуші тігіпті. Сондақ-ақ әу баста бұл шапанның үш нұсқасы болған екен. Бұл туралы шапанның авторы айтты, деп жазады «Алаш айнасы» интернет-порталы.
Головкиннің бұған дейін шаршы алаңға киіп шығатын шапаны туралы қазақстандық бокс жанкүйерлері көп сын айтқан болатын. Нақтырақ айтсақ, боксшының бұрыншғы шапаны қырғыз халқының шапанына ұқсайтынын айтып, дәлелдер келтірген жанкүйерлер де болды.
Осы сыни пікірлерден кейін шымкенттік кәсіпкер Әбдімәжіт Сыздықбеков есімді азамат Геннадий үшін арнайы шапан тіктіріп, оны Монте-карлоға арнайы алып барды. Ал, сол шапанды спорт жанашыры қазақстандық әрлеуші (дизайнер) Бағдат Айнақұлаваға тіктіртіпті.
— Головкиннің жаңа шапанының авторы мен. Тапсырыс Әбдімәжіт Саттарханұлы Сыздықбеков есімді азаматтан түсті. Шапанның дизайнын толық өзім пішіп шықтым. Тігісіне қызым көмектесті. Жалпы шапанды тігіп бітуге бас-аяғы 15 күн кетті. Оның жартысын мен үлгісін жасауға жұмсадым. Негізі, шапанның үш үлгісін жасаған едім. Бірақ, тапсырыс беруші тек бір үлгісін таңдады. Шапанды тігу барысында оның ұзындығы, ұлттық ою-өрнектер, GGG деген жазу, Геннадий Головкиннің өлмеші секілді тапсырыс берушінің барлық уәждерін назарға алдық. Сонымен қатар қолданған ою-өрнектердің барлығы Қазақстанмен байланысып тұрғанын да ескердік.
Геннадий Головкин шаршы алаңға киіп шыққан шапанның басқа нұсқасы жоқ. Яғни, біз оның бір ғана нұсқасын жасадық. Сондай-ақ, бұл ұлттық нақыштағы шапан емес. Боксшылардың рингке киіп шығатын шапаны екенін ескерген жөн, - дейді әрлеуші Бағдат Айнақұлова Vesti.kz порталына берген сұхбатында.