Назым Қызайбай – қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы!
Бокстан Оңтүстік Кореяда өтіп жатқан әйелдер арасындағы VІІІ әлем чемпионатынан қуанышты хабар келіп жетті. Ең жеңіл салмақтағы Назым Қызайбай әлем чемпионы атанды, деп сүйінші сұрайды "Алаш айнасы".
48 келі салмақта бақ сынаған Назым Қызайбай Үндістан үміті Шамджетсабам Сарджубаладан басым түсіп, саф алтынға қол жеткізді. Төрешілердің үшеуі де жеңісті қазақ қызына берді. Есеп – 3:0 (39:37, 39:37, 39:37).
Назым осымен екінші рет әлем чемпионатында жүлдегер атанып отыр. Осыдан екі жыл бұрын ол қола медаль жеңіп алған болатын. Бұған дейін Қазақстаның боксшы қыздары ішінен тек Назгүл Боранбаева екі медаль алған болатын.
Біз Назымды әлем чемпионы атануымен құттықтаймыз! Әрі оның бапкерлері мен туған-туыстарына да қазақы дәстүрмен құтты болсын дегіміз келеді.