Отбасым бокстан кеткенімді қалайды - Головкин
WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин АҚШ-тың «Power 106» радиосына сұхбат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Головкин алдағы Сауль Альвареске қарсы жекпе-жекте болатын негізгі қиындыққа тоқталды. Оның айтуынша, басты қиындық ол - жас айырмашылығы.
«Меніңше, негізгі қиындық сол. Сөз жоқ, орта дивизионда менің тәжірибем мықты. Ал «Канело» менен жас. Екеуіміз де осыны жақсы түсінеміз. Алдағы жекпе-жекте жеңген адам «pound-for-pound»-та, жалпы әлем бойынша №1-ші боксшы атанады. Меніңше, екі жақтың мүмкіндігі 50 де 50», - дейді Головкин. Боксшының сөзіне қарағанда, спорттық мансапты аяқтауға әлі ерте. Алайда отбасы мүшелері оның бокстан кеткенін қалайды.
«Менің отбасым әрбір жекпе-жектен кейін бокстан қашан кететінімді сұрайды. Әйелім «боксты аяқтайтын кез келді ғой» дейді. Мен болсам, шаруама араласпауын сұраймын. Ол - менің жұмысым, менің шаруам», - деп атап көрсетті GGG.