Өзбекстан құрамасындағы қазақ жігіті медальға ілікті
Ташкент қаласында ерлер арасында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында өзбекстандық Руслан Абдуллаев жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақ жігіті 63,5 келіге дейінгі салмақта франциялық Лунес Амрауимен шеберлік байқасты.
Жекпе-жек қорытындысында төрешілердің төртеуі жеңісті Руслан Абдуллаевқа берді.
Осылайша, жартылай финалға өткен Руслан Абдуллаев кемінде қола медаль алады.
Ол финалға шығу үшін олимпиада мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, армениялық Оганес Бачковпен таласады.
Бұдан үш-төрт жыл бұрын Руслан Абдуллаев Қазақстанға келіп, ел құрамасына ілігуді мақсат еткенімен, ол ойы орындалмай, Өзбекстанға қайтып кеткен еді.
Осы чемпионатта Өзбекстаннан Хасанбой Дусматов (51 кг) пен Абдумалик Халоков (57 кг) жартылай финалға өтті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қытай құрамасындағы қазақ боксшысы әлем чемпионатында қарсыласын нокаутпен ұтқанын жазған едік.
Қазақстан құрамасынан капитан Асланбек Шымбергенов пен Дулат Бекбауов ширек финалға өтті, ал Нұрқанат Райыс пен Серік Теміржанов ширек финалға шыға алмады.